Жеңілдетілген несие жұмыспен қамтиды

Қысқаша

Жеңілдетілген несие жұмыспен қамтиды

Халықтың жұмыспен қамтылуы – бүгінгі күннің басты талабы. Бұл орайда мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар, жобалар арқылы жан-жақты қолдау көрстілуде. Соның бірі – жеңілдетілген несиелер арқылы еліміздегі мыңдаған жас өз кәсібін ашуға мүмкіндік алуда. Мысалы, биылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-ға кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін жастарға берілетін жылдық 2,5%-бен жеңілдетілген микрокредиттер алуға 5,1 мыңнан астам өтінім түскен. Биыл жалпы 5 796 шағын несие беру жоспарланған.

Screenshot_34.jpg

Шағын несиенің мөлшері 5 млн теңгеге дейін, ал қатысудың ең ұзақ мерзімі – кез келген мақсатқа 5 жылға немесе мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін. Микрокредит алуға өтінімдердің ең көбі Түркістан (700), Жамбыл (512), Алматы (401), Батыс Қазақстан (329) Қызылорда (317), Жетісу (318) облыстарынан түскен. Конкурстық комиссиялардың шешімімен 3169 жоба мақұлданды, оның ішінде 2385 жобаны іске асыруға кредит берілді. Шағын несие 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға өз кәсібін ашуға немесе оны кеңейтуге берілетінін айта кетелік. 

Жастарды кәсіпкерлікке баулу, жұмыспен қамту мақсатында мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмек көп. Мемлекеттік қолдауға ие болған шымкенттік жас кәсіпкер Дінмұхаммед Күмісбек есік, тапсырыспен баспалдақ және жиһаз дайындайтын шеберхана ашқан. Бүгінде 22 жастағы кәсіпкер 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшылардың жалақылары істеген жұмыс көлеміне қарай орташа есеппен айына 250 мың теңгеден асады. Кәсіпкердің айлық табысы 2 миллион теңгеге жуық. Іскер жігітке жаңа мүмкіндіктерді ашуда жастарға арналған жеңілдетілген несиенің көмегі тиген. Яғни Дінмұхаммед Күмісбек 2,5 пайызбен алған 5 миллион теңгеге қосымша құрал-жабдықтар сатып алып, кәсібін кеңейтіп отыр. Тауарларын әлеуметтік желі парақшасы мен дүкен арқылы сатылымға шығаруда.

Қаланың 29 жастағы тұрғыны Жасұлан Нұршымыр жиһаз жинаумен айналысады. Жастайынан осы кәсіпке араласып, жиһаз дайындайтын цехтарда жұмыс істеп келген. Осыдан екі жыл бұрын жеке шеберханасын ашқан. Тынымсыз еңбек нәтижесін беруде. Жас кәсіпкер биыл мамыр айында 5 миллион теңге көлемінде жастарға арналған 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алған. Ол қаражатқа шеберхана жұмысын өндіретін, қосымша үстелдерге ою-өрнек жасайтын құрал-жабдық сатып алған. Сөйтіп бұған дейін ою-өрнекті басқа цехтарда ақысын төлеп жасататын кәсіпкер енді барлық жұмысты өзі атқарады. Шеберханаға қосымша 5 адамды жұмысқа қабылдаған. Оларға орташа есеппен айына 200 мың теңге көлемінде жалақы төлейді. Кәсіпкер жұмыс істеймін дейтін адамға барлық мүмкіндіктер бар екенін, бастысы еңбекқорлық қажеттігін айтады. Жас кәсіпкер жиһаздарын әлеуметтік парақшаларында жарнамалап, көтерме бағамен сатады. Тауарларды көбінесе дүкендер желісі сатып алады. Қазіргі таңда Шымкенттен бөлек Алматы, Қызылорда және Орал қалаларынан тапсырыс көп түсуде екен. 

Жалпы Шымкент қаласында биыл 261 жасқа шағын несие беру жоспарланған. Бүгінде комиссия мүшелері 278 құжат қарап, 129 азамат оң қорытынды алған. Оның ішінде 52-не несие беріліп, басым көпшілігі өз кәсіптерін бастап үлгерген.