Жастар саясаты жүзеге асуына жәрдемдеседі

Қысқаша

Жастар саясаты жүзеге асуына жәрдемдеседі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың және «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында жастарды қолдау мақсатында 2029 жылға дейін 2,3 миллион жасты жұмысқа орналастыру міндеті қойылған болатын.

Screenshot_25.jpg

Осы жауапты міндетті орындау үшін «Жастарға жұмыс» жобасы шеңберінде 10-20 шілде аралығында еліміздің барлық өңірінде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. «Жастарға жұмыс» жәрмеңкесі бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істейді. Онда ізденуші бос жұмыс орындарының бар-жоғын біліп қана қоймай, сол жерде қажетті мәлімет алып, жұмыс жағдайын нақтылай алады. Жәрмеңкеде жұмысқа орналастырудан бөлек, жастарды әлеуметтік қолдауға қатысты мемлекеттік барлық бағдарлама бойынша кеңес беріледі. Яғни  баспана алудан бастап, емделуге, жеке кәсіп бастауға және білім алуға қатысты бағыт-бағдар ұсынылады. Сондай-ақ жоба аясында жылдық мөлшерлемесі 2,5%-ды құрайтын несиелендіру, тау-кен өнеркәсібінде 2 мың бос жұмыс орнын құру, жас мамандарды  IT дағдысына үйрету үшін 3 мың ваучер бөлу және тағы басқа бастамалар қарастырылған.

Астанадағы Арбатта ұйымдастырылған жәрмеңкеде мемлекеттік органдар,  квазимемлекеттік сектор және жеке компаниялар арасынан 70-тен астам жұмыс беруші 1300-ге жуық жұмыс орнын ұсынды. Олардың арасында "ҚазАгроҚаржы", "Қазпошта", Samruk-Kazyna Construction, "Қазақстан темір жолы", "Самұрық-Энерго" және өзге де компаниялар бар. Айта кетелік, биыл қаңтарда бастау алған жоба аясында ел аумағында 120-дан астам бос жұмыс орын жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оған 90 мыңнан астам адам қатысты. Оның ішінде, 18,6 мың жас жұмысқа орналасуға жолдама алған. Еліміздегі 3000-нан астам ірі және шағын кәсіпорындармен жастарды жұмысқа орналастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Жастарды қолдау, жұмыспен қамту бағытында өңірлерде де ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, Түркістан облысы Кентау қаласында өткен жылы жұмыссыз жастар саны 779 болса, биыл ресми түрде тіркелген жұмыссыз жастар саны 54-ті құрап отыр. Ақылы  қоғамдық жұмысқа 189 жас тартылған, тұрақты жұмысқа жолданған жастар саны – 330, жастар практикасына 208 жас жолданған. «Жастарға бағыт» жобасы аясында мобильді топ «Дипломмен ауылға», «Серпін-2050», «Жасыл ел», «Ұлттық жоба», «Болашақ бағдарламасы», «Бос жұмыс орындары» мемлекеттік бағдарламалар бойынша қала тұрғындарына және қалаға қарасты ауыл тұрғындарына  түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, 10 460 жасқа кеңес берілді. «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 300 жас тіркеліп, қалалық бюджеттен 51 жасқа қаражат бөлініп, маусым айынан бастап өз жұмыстарын бастады. 2021-2025 жылдары кәсіпкерлікті қолдауға арналған «Ұлттық жоба» шеңберінде жастарға арналған жеңілдетілген шағын 2,5 пайызбен 18 жасқа 1 380 000 теңге қайтарымсыз грант берілді. 

Айта кетелік, тұрғындарының 31 пайызы жастар болып табылатын Кентауда қалалық «Жастар ресурстық орталығының» жанында 8 еріктілер ұйымы бар. Олар қалаға қарасты Қарнақ ауылында тасқын судың алдын алу жұмыстарына қатысып, азаматтық танытты. Түркия Республикасында болған жер сілкінісі кезінде де зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында жедел штаб құрылып, еріктілер тобы гуманитарлық көмектерін жеткізді.

Сондай-ақ орталық ұйымдастыратын қайырымдылық акцияларына, ардагерлердің ауласын тазарту, қала тазалығына үлес қосу сынды экологиялық мәдениетті қалыптастыратын шараларға еріктілер белсене қатысып келеді. Қала еріктілері «Волонтерлік жылы» мен «Жастар жылында» күш біріктіріп, еріктіліктің әр бағыты бойынша ұйымдар құрып, қаланың дамуына ерекше үлес қосты. Бүгінде бірнеше волонтерлік ұйым өз жұмысын жандандырып отыр. Сонымен қатар мектеп бітірген түлектер де қайырымдылық жасап, ерекше істерімен көзге түсуде.