Жоба аясында құқықтық көмек көрсетілді

Қысқаша

Жоба аясында құқықтық көмек көрсетілді

Атап айтқанда, полиция қызметкерлері мен жастар арасындағы байланысты одан әрі нығайту мақсатында полиция департаменті мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ арасында меморандумға қол қойылды. 

Screenshot_17.jpg

Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Саховтың мәлімдеуінше, кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында, полиция қызметкерлерімен ұдайы түрде түнгі рейдтер мен «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар» және «Жасөспірім және жауапкершілік» атты жедел профилактикалық іс-шаралары өткізілуде. Облыста 800 мыңға жуық кәмелетке толмағандар бар. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аймақтық учаскелік инспекторлары саны –167. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде құқық бұзушылыққа бейім 413 кәмелетке толмаған және бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын 266 қолайсыз отбасы полицияның есебіне алыныпты. Ата-ана бақылауынсыз жүрген 44 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды. Түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған 157 жасөспірімнің ата-аналары мен заңды өкілдеріне қатысты әкімшілік хаттама толтырылған.

Өңірде халықтың құқықтық мәдениетін, толеранттылығы мен құқықтық санасын қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Дала өрттерінің алдын алу, суға шомылуда қауіпсіздікті сақтау, балалардың қауіпсіздігін қорғау бағытындағы жұмыстар да жүйелі атқарылуда. Мысалы, Төтенше жағдайлар департаментінің аудандық, қалалық бөлімдері мен басқармалары тарапынан 2624 қызметкер тартыла отырып, 1172 рейд ұйымдастырылған. Нәтижесінде құзырлы органдар арқылы 141 жеке тұлғаға 1 725 000 теңге айыппұл салынды. Адамдардың суға кетуінің алдын алу және болдырмау мақсатында жұмыспен қамту орталықтары арқылы 43 адам жұмысқа қабылданып, даярлықтан өткізілген. Бұл азаматтар судағы және өрт қауіпсіздігі бойынша жұмыс істеуде. Қазығұрт, Созақ, Ордабасы, Келес, Сарыағаш аудандарында аудандық маңызы бар автомобиль жолдары бойларына өртке қарсы минералды жолақ жырту жұмыстары атқарылған.

Айта кетелік, өңірде «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында бірқатар азаматқа көмек көрсетілді. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында өткізілген қоғамдық қабылдауға облыс бойынша алдын ала 12 тұрғын жазылды. Қоғамдық қабылдауда аймақ бойынша аудан, қалалардың полиция қызметкерлеріне шағым айтқан арызданушылар көп болды.  Жанайқайын білдіріп, келушілердің қатарында алимент өндіру ісі мен алаяқтық фактілері бойынша және банктерден үлкен соманы құрайтын несие алып, қарызға батырған адамға қатысты шағымдар айтылды. Олардың арыздары бойынша  хаттама негізігінде облыстық прокуратураға және басқа да құқық қорғау органдарына хат жолданып, партия тарапынан бақылауға алынды. Бұдан өзге де қозғалған проблемалар бойынша қоғамдық қабылдау барысында тиісті жауаптар беріліп, бақылауға алуға тапсырмалар берілді. Сонымен қатар «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында өткізілген қоғамдық қабылдауда бірнеше тұрғынға ҚР қолданыстағы заңдары аясында түсінік беріліп, мәселелері заң тұрғысынан қолдау табатыны жеткізілді.