Eңбек деген байлық бар, ерінбеген жететін

Қысқаша

Eңбек деген байлық бар, ерінбеген жететін

Түркістан облысы Келес ауданына қарасты Көкбұлақ ауылының қарапайым тұрғыны өзінің еңбекқорлығы, ізденімпаздығы нәтижесінде елге танылды. Нақтырақ айтсақ, шағын трактор құрастырып шығарған өнертапқыш Ахмед Шүкірұлының еңбегін еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жария етті. Тракторды құрастыруға үш жыл уақыт жұмсаған ол жарамсыз техника бөлшектерін жинап қана қоймай, кәдеге жаратқан. 

Screenshot_14.jpg

«Ауылымыздың тұрғындары ауыл шаруашылығы саласында еңбектенеді. Трактор алуға екінің бірі қол жеткізе бермейді. Бос уақытымда керексіз техникалардың басын қосып, трактор құрыстыруға кірістім. Құрылғымның қозғалтқышы Ваз-2106 көлігінен алынған. Сонымен бірге ГАЗ-35 және көптеген жарамсыз техникалардың материалдары пайдаланылған», – дейді ауыл тұрғыны. Ауылдастарының ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлеріне өз техникасымен қажетті жұмыстарды атқарып жүрген Ахмед Шүкірұлы бұл бағытта әлі де тың идеяларды іске асыруға ниетті. Осылайша ауыл тұрғыны өзінің еңбекқорлығымен «еңбек деген байлық бар, ерінбеген жететін» деген мақалдың өмірден алынғанын дәлелдеп, ауылдастарына үлгі көрсетіп отыр. Үлгі көрсетумен қатар ол жастарды еңбексүйгіштікке үндеп, жұмыссыздықпен күрестің бір жолын көрсетті.

Жұмыссыздық демекші, Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, биыл «Еңбек» бағыты бойынша 84 056 адамды жұмыспен қамту шараларына жолдау, оның ішінде 44 729 адамды бос жұмыс орындарына орналастыру жоспарланған. Бірінші шілдеге 60 072 адам жұмыспен қамту шараларына, оның ішінде әлеуметтік және қоғамдық жұмыс орындарына, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» және «Күміс жас» жобалары аясында 16 416 адам тұрақты, 28 414 адам уақытша жұмыс орындарына жолданды. Ел Президентінің бастамасымен биыл жастарға жеңілдетілген 2,5 пайызбен 5 млн теңгеге дейін 594 адамға шағын несие беру көзделген. Бүгінде конкурстық комиссияда 249 үміткердің бизнес-жобалары қаралып, 110 азаматқа шағын несие беру шешімі шығарылды. Бұдан бөлек, биыл әлеуметтік осал топтарға жататын азамттар үшін жаңа бизнес идеясын дамытуға 1 380,0 мың теңге көлемінде гранттар беру көзделген. Бүгінгі таңда грант берудің 1 және 2 легі өткізіліп, 927 адамға гранттар берілді. Үшінші және төртінші лектер бойынша гранттар беруді қыркүйек айында өткізу жоспарлануда. 

Жалпы биыл ұлттық жобалар шеңберінде іске асырылатын инфрақұрылымдық жобаларда 5000 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бірінші шілдедегі мәліметке қарағанда, 184 жоба бойынша жарияланған 1727 бос жұмыс орнына 1384 адам орналасқан. Ал «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орын құру» бағдарламасының жеке бастамалар шеңберінде облыс бойынша 22 595 жұмыс орнын ашу көзделіп, нақты 13 628 жаңа тұрақты жұмыс орындары құрылды. 

Айта кетелік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова азаматтардың жұмыспен қамту мәселелерін тиісті деңгейде жүргізу мақсатында жыл басында облыс әкімдерімен 20 Өңірлік жұмыспен қамту карталары бекітіліп, олардың аясында 947 мыңнан астам азаматты жұмысқа тарту қарастырылғанын мәлім етті. «Есепті кезеңде 441 мыңға тарта адам жұмысқа тартылып, бұл жылдық көрсеткіштің 47%-ын құрап отыр. Олардың ішінде жастардың үлесі 50%-ға жуық. Жұмысқа орналасқан осы азаматтардың 79%-ы қазіргі таңда 10%-дық зейнетақы аударымдарын тұрақты аударып, өздерінің тұрақты түрде жұмыс істеп жатқандарын растап отыр», – деп мәлімдеді министр Үкімет отырысында. Жұмыс орындарының денін біріншіден – 11 Ұлттық жобаның аясында ашылып жатқан 20 мыңға тарта жаңа жұмыс орындары құрап отыр. Ең көп жұмыс орындары «Кәсіпкерлікті дамыту», «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту», «Жасыл Қазақстан» жобалары аясында ашылуда. Бүгінде бұл жұмыс орындарына 19 747 азамат орналастырылған. Олардың 44%-ы жастар. Министрдің мәлімдеуінше, жартыжылдықтың қорытындысына сәйкес 124 мыңнан аса азамат еңбек биржасында жарияланған бос жұмыс орындарына жолданып жұмыспен қамтылды. Экономикалық қызмет түрлеріне сәйкес жұмыспен қамтылғандардың басым көпшілігі, ауыл және балық шаруашылығы, құрылыс және өндіріс, білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету салаларында жұмыспен қамтылып отыр. Жұмыспен қамтылған азаматтардың 62%-ы осы бес салаға тиесілі. 

Мемлекет басшысының өңірлерде тұратын әрбір 10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырмасы аясында 123,7 мың кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, онда 151 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылған. Мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарын құру арқылы азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу де белсенді жүргізіліп келеді. Бірінші шілдеге халықтың осал тобына жататын 26 мың азамат өздерінің алғашқы жұмыс орындарын тапты. Субсидияланатын жұмыс орындарымен қамтылған азаматтардың 36%-ын жастар құрап отыр.