Ибрагим ата кесенесіне дертіне шипа іздеп баратындар көп

Қысқаша

Ибрагим ата кесенесіне дертіне шипа іздеп баратындар көп

Screenshot_5.jpg

Ибрагим ата кесенесі – Сайрамның солтүстік-шығысында орын тепкен. Ибрагим – Ахмет Яссауидің әкесі. Алғашқы құрылысы XII- XIV ғасырларға жатады. Дегенмен, кесене көпке шыдамай құлап қалған, қазіргі үлгісі XIX ғасырға жатады.

Қазақстан мәдениеті мен тарихының архитектуралық ескерткіші болып саналатын Ибраһим ата кесенесі сәулет өнерінің ерекше туындысы. Түркістан облысындағы Сайрам ауданының солтүстік-батыс шетіндегі биік төбеде, Ақсу ауылына баратын жолдың бойында орналасқан.  Кесене иесі – Оңтүстік Қазақстан жерінде сопылық ілімді таратқан, әулиелік, бақсылық қасиеттері, табиғаттан берілген тылсым күштері үшін халық табынған тұлға. Орта ғасырларда ислам дінін насихаттау орталықтарының біріне айналған көне Сайрамда көптеген діни ғұламалар, ұстаздар пайда болған еді. Солардың бірі – атақты Қожа Ахмет Ясауидің әкесі Ибраһим ата мыңдаған мүриттерге ұстаздық қылған. Діни көсем, әрі осы өңірлерге танымал уағызшы болған Ибраһим ата текті отбасынан шыққан, әрі табысты жер өңдеуші еді. Халық арасында оның әулиелігі мен уағызшы қабілеті жайлы түрлі аңыздар тараған.

Ибраһим ата мұқтаж адамдарға көмектесіп, тақуалық өмір сүрді және мыңдаған ізбасарларға ислам дінін уағыздады. Күмбез Ибраһим атаның қабірі үстіне салынған. Күмбез мазарлардың көнеден сақталып қалған ескерткіштерінің бірі болып табылады. Алғашында кесене XVI-XVII ғасырларда салынған, бірақ ол құлап қалғаннан кейін XIX ғасырда қайта тұрғызылды. 50-жылдары қатты жер сілкінісі кезінде кесене күмбезі құлап, қайта қалпына келтірілген.

Күмбез құлап қайта қалпына келтірілген кезде кесене төбесі ақ жапырақты қаңылтырмен қапталып, ортасына сүйір ұшты мұнара орнатылды. Кесененің солтүстік-батыс және оңтүстік-батыс бөліктерінде терең емес сүйір ұшты текшелері бар порталдар бар. Тектік қасиеттің күштілігін қоғам үшін саналы ғұмырын арнаған әкелі-балалы қос әулие тұлғалары арқылы тануға болады. Ибраһим атаның бойында әулиелік, көріпкелдік, емшілік қасиеттері болған. Кесене киелі жер ретінде халықтың түпкі мәдениетінің ерекшелігін, уақыт пен кеңістіктегі дәстүрлі қазақ мәдениетінің көрінісін баяндайды.

Халық арасында рухани азық беретін, арман-тілектерді қабыл ететін, адасқанға жол көрсететін, қаңғырғанға пана болатын, ауруды емдейтін, тынысты кеңейтетін қасиетті, киелі, әулиелі жер болып саналады.