Үш ауысым ұмытылар кез алыс емес

Қысқаша

Үш ауысым ұмытылар кез алыс емес

Screenshot_11.jpgРесми дерек бойынша ұстаздар жалақысы  бүгінде Шымкентте 75 пайызға өсіп отыр. 2023 жылы тағы 25 пайызға өсетін болады. Нәтижесінде 2019 жылмен салыстырғанда екі есеге артады. Білім саласына бөлініп жатқан қаржы жыл сайын ұлғаюда. Мәселен, салыстырмалы түрде айтар болсақ, осыдан төрт жыл бұрын Шымкент қаласының бюджеті 146 млрд теңге болатын. Бұл қаражат Шымкенттің жалпы әлеуметтік саласын соның ішінде білімді де қамтитын еді. Міне содан бері 4 жыл уақыт өтті. Бүгінде тек қана білім саласына 176 млрд теңге бөлініп отыр. 

Үш жыл бойы жергілікті әкімдік тек мектептер салумен емес, білімнің сапасын көтерумен, материалдық-техникалық жарақтандыру мәселесін жақсартумен айрықша айналысуда. Әсіресе мектептердің көпшілігінде жаңартылған және интерактивті кабинеттер жасақталды.  Нәтижесінде бұл бойынша көрсеткіш 32 пайыздан 72 пайызға ұлғайды. Осылайша аз уақыт ішінде бұл бағытта қыруар жұмыс атқарылды.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін елімізде мың мектеп салынуы тиіс. Соның ішінде 101 мектеп Шымкент қаласында бой көтеруі қажет. Соңғы екі жылда мегаполисте 51 білім ошағы салынды. Тапсырма 50 пайызға орындалды. Ендігі жерде қала билігі қалған мектепті 2025 жылға дейін салып бітіруді жоспарлап отыр. Бүгінге дейін атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 15 үш ауысымды мектептің 10-ы қысқарып, тек бесеуі қалды. 2023 жылғы мақсат пен міндеттемелерге сәйкес үш ауысымды мектеп мәселесі Шымкентте толығымен шешіліп, ал екі ауысымдық мектептер бір ауысымға ауыстырылады. Осы бағытта әкімдік тарапынан үлкен жоспарлар құрылуда. Бүгінгі таңда Шымкентте 221 білім ошағы болса, соның ішінде бір ауысымда білім беретіні 41 мектеп. Биылғы жылдан бастап мектептер 5 күндік оқу жүйесіне көшсе, тек үш ауысымды мектептердегі оқушылар ғана 6 күн бойы оқитын болады. 

Былтыр Қазан қаласында болған оқиғаға байланысты Мемлекет басшысы мектептерде қауіпсіздікті күшейту бойынша тапсырма берген болатын. Осыған сәйкес Шымкент қаласында мектептер жүз пайыз бейнебақылаумен, турникеттермен қамтамасыз етілді. Ал арнайы дабыл нүктесі жергілікті полиция департаментіне тікелей қосылды. Бұған қосымша әр білім ошағына мамандандырылған күзет мекемесінің қызметкерлері кезекшілікке қойылды. Бұл жұмыстар әрі қарай да жалғасып, әрбір ашылған мектепке осы қауіпсіздік стандарттары енгізілетін болады. 

Мемлекет басшысының Жарлығымен 2022 жыл «Балалар жылы» болып жарияланғаны белгілі. Осыған орай Шымкентте алғаш рет бастауыш сынып оқушыларына бір реттік ыстық тамақ беру үрдісі басталып кетті. Бұл ауқымды бастама 1-4 сынып аралығында оқитын 103 мың баланы қамтиды. Бұдан бөлек қалада жаңадан бірнеше білім ошақтары, балалар ойнайтын спорт алаңшалары, саз мектебі салынды. Ең бастысы өткен жылы мегаполисте апатты мектептер мәселесі толықтай шешілді. Спорт алаңшаларының да мәселесі жүз пайызға жуық шешімін тапты. Ендігі жерде ескірген бірен-саран спорт алаңшаларын қалпына келтіру жұмыстары ғана қалып отыр. Алаңшалар балалар денсаулығын нығайтумен қатар, оқушылардың түрлі жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінуіне мүмкіндік берері мәлім. Жарыс демекші, шымкенттік оқушылар республикалық және халықаралық деңгейдегі пәндік сайыстардан 10 алтын, 17 күміс, 33 қола медаль жеңіп алды. Бұдан бөлек екі жүзден астам оқушы жүлделі орындарды иеленді. Бұл әлбетте бірінші кезекте ұстаздардың еңбегі болса, екіншіден оқушылардың білімге деген талпынысы мен ізденісінің нәтижесі.  Білім басқармасы ендігі ретте бұл деңгейден түспеуге, керісінше алдағы межені бұдан екі есеге көтеруге бекініп отыр. 

Сонымен бірге қалада мектепке дейінгі бала тәрбиесі мен ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларды қолдау, қосымша білім беру, салалалық оқу орталықтарының жұмысын жандандыру және инклюзивті білім беру кабинеттерін ашу бойынша қыруар жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы осындай 4 кабинет ашылса, биыл тағы біреуі пайдалануға берілмек. Сондықтан жас буынға білім берумен қатар дамуында ерекшеліктері бар балалардың да оқу сапасына мән беріліп білім нәрімен сусындатуға үлкен көңіл бөлінетін болады. Бір сөзбен айтқанда инклюзивті білімді мегаполистің тиісті сала басшылығы айрықша назарына алады.  Осы ретте Шымкент қаласының әкімдігі аталған мәселенің түйінін тарқатуда мемлекетпен қатар кәсіпкерлердің де атсалысқаны абзал деп санайды. Қоғамда пайдалы игі бастаманы іске асыруда іскер азаматтар бүгінгі күнде шет қалмауы тиіс. Биыл 50 мыңнан астам оқушыға мемлекет есебінен оқу құралдарын, мектеп формасын сатып алуға қаржылай көмектер берілді. Әсіресе оған атаулы әлеуметтік көмек алатын және көпбалалы отбасында тәрбиеленіп жатқан оқушылар көбірек қамтылды. Бұған қосымша 12 мыңнан астам оқушыға «Қазақстан халқына» қорынан және 4 мыңдай балаға қаланың жомарт кәсіпкерлерінен тиісті жәрдемдер көрсетілді. 

Қаладағы 38 колледж студенттерін жұмысқа тарту және қажетті іс-тәжірибе жниақтауға көмек беру үшін 117 кәсіпорынмен арнайы келісімге қол қойылды. Соның ішінде 15 колледж дуальді оқыту жүйесіне көшті. Биылғы жылы кәсіптік білім алуға мемлекеттік тапсырыс негізінде 11 704 орын бөлінді. Мемлекеттік тапсырыстың яғни гранттың 87 пайызы техникалық қызмет көрсету салаларының үлесіне тиіп отыр. 

Білімді ұлт сапалы білім беру ұлттық жобасын нәтижелі түрде іске асыру мақсатында қалада бұдан басқа да көптеген игі істер атқарылуда.  Ендігі жерде аталған Ұлттық жоба аясында қолға алынатын міндеттемелер мен мақсаттарға тоқталсақ, балаларды мектепке дейінгі тәрбие мен сапалы біліммен қамту үлесін 76 пайыздан 90 пайызға жеткізу, қосымша біліммен қамту көрсеткішін 77 пайыздан асыру, жаңа модификацияланған кабинеттер санын 72-ден 80 пайызға шығару, даму мүмкіндігі шектелген балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау мен ерте түзетумен қамту үлесін 50-ден 65 пайызға дейін ұлғайту, жастарды колледждерде тегін оқытуды 80 пайызға арттыру, оқу үдерісіне WorldSkills бағалау жүйесін енгізген колледждерді 40-тан 60 пайызға асыру көзделуде. 

Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тажиеваның айтуынша, биылғы оқу жылында 386 мың 300 оқушы және балабақшаларда 78 мың 300 бүлдіршін білім мен тәрбиенің көкжиегін кеңейтпек. Білім беру саласына қатысты 862 мекемеден 577 балабақшаны, 263 жалпы білім беретін мектепті, 38 кәсіптік және техникалық колледжді, 12 мектептен тыс білім беру ұйымдарын бөліп қарастыруға болады. Биыл аталған барлық осы білім мекемелері жаңа оқу жылына тас түйін дайындықпен келіп отыр. Соның ішінде мектепке дейінгі білім беруде бірнеше индикаторлық көрсеткіштер белгіленген. Осыған сәйкес 2-6 жасты қамтитын меже биыл 89.1 пайызбен орындалып отыр. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 13.8 пайызға артығымен орындалған.  Ал 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту үлесі жекеменшік балабақшалар есебінен жүз пайызға жетті. Ендігі ретте мектептке дейінгі білім беру ұйымдарының сапасын арттыру басты талапқа айналды. Осыған байланысты қалалық білім беру басқармасының жанынан алдағы уақытта арнайы дамыту орталығы ашылмақ. Орталық тарапынан мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмысы жеке-жеке сараланып, жүйеленетін болады. Сонымен қатар педагогтардың біліктілігін арттыру, білімді ұстаздар дәрежесін одан сайын жоғарылату басқарма алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Бұған дейін балабақшаларда бастауыш сынып мамандары білім берсе, ендігі талап бойынша мектепке дейінгі білім беру мамандығы бойынша оқытылған мамандар ғана бала тәрбиелейді. Басқарма тарапынан «Әжемнің ертегі» жобасы қолға алынып, ол жергілікті телеарналарда көрсетілді. Балалар бағдарламаны тамашалап қана қоймай, тікелей эфир арқылы байланыс жасауға мүмкіндік алды.  

Жан басына қаржыландыру бағдарламасы бойынша 2022 жылы тиісті қаражат толық қаралды. Бүгінгі таңда балабақшалардың 32 пайызы материалдық-техникалық тұрғыдан толығымен жарақталды. Жоспарға сәйкес бұл межені 2025 жылға қарай жүз пайызға жеткізу мақсаты тұр. Сонымен бірге 56 балабақшаның жанындағы ойын алаңшаларын жаңарту бойынша талаптарды орындау биылғы оқу жылынан бастап қолға алынбақ. Бүлдіршіндердің тамақтану режимін бақылау мақсатында электронды жүйе іске қосылды.  Одан бөлек қаржылық процестердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін мектепке дейінгі ұйымдарда арнайы модуль енгізіліп отыр. 

Орта білімге тоқсалсақ, бүгінгі таңда басқарма тарапынан алынған мәліметке сәйкес мегаполистің білім сапасы 56.2 пайызға жетті. Әрине әкімдік бұл межені алдағы уақытта әрі қарай да көтеру жолында жұмысты жандандыратын болады. Осыған сәйкес басқарма жанынан ерекше білімге қажеттілігі бар балаларды қолдау орталығы ашылады. Ерекше атап өтерлігі білім саласында биыл білім беру ұйымдарына жұмысқа қабылдау мен мектеп директорларын ротациялау жұмыстары жүйелі атқарылды. Жоспар бойынша 116 мектеп директорын басқа білім ұйымдарына басшылық жасауға ауыстыру көзделсе, бүгінгі күні 110 директор ротацияланып үлгерді. Еңбек демалысына байланысты қалған 6 басшының директорлық қызметін басқа мектепте жалғастыру жөніндегі іс алдағы уақытта толық жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ қала мектептерінде мұғалімдері жұмысқа қабылдау ісі толығымен цифрландырылды. Оның ішінде 1198 педагог өткен оқу жылында жұмысқа алынса, олардың 585-і үздік дипломмен, 515-і магистрмен, 32-сі шетелдерде білім алған сапалы кадр ретінде іріктеліп жұмысқа қабылданды. Білім сапасын көтеру мақсатында кадр саясатын іске асыру арқылы басқарма үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Алда мектептегі ұстаздар ұжымын жас мамандармен толықтыру, жаңа оқу жылындағы межеге сай 250 жас маманды жұмысқа тарту жоспары тұр.