Мақтааралдықтарға 100 мың теңгелік өтемақы беріле бастады

Қысқаша

Оның 6020-сы көші-қон полициясының ақпаратымен расталып, қаржы аудару үшін бекітуге ұсынылған.

Үкімет тарапынан берілетін 100 мың теңгелік өтемақыға байланысты Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фердауси, Достық, Өргебас елдімекендерінің 6314 азаматынан құжаттар қабылданды, деп хабарлайды Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.  

46a6346bee8e22e592abda0a157bc0f2.jpeg

Оның 6020-сы көші-қон полициясының ақпаратымен расталып, қаржы аудару үшін бекітуге ұсынылған. Бұл туралы бүгін топан судан зардап шеккен халықпен арнайы кездескен Түркістан облыстық Қазақстан халықтары Ассамблясы хатшылығының меңгерушісі, Мақтаарал ауданындағы облыстық штабтың әлеуметтік мәселелер жөніндегі жетекшісі Ғани Рысбеков мәлімдеді.  

Сондай-ақ, ол кәсіпкер А.Усмановтың қоры есебінен 5202 отбасыға 1000 АҚШ долларынан беріліп жатқанын да жеткізді. Қазіргі таңда 13 ауылдан 5342 құжат қабылданып, оларға мониторин жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 4839 азаматтың құжаты расталып отыр. Бүгінге дейін 3 траншпен 3375 отбасыға белгіленген 1000 АҚШ доллар өтемақы аударылды. Қалған жанұяларға да қаржы аудару жұмыстары жүргізілуде. Бұл қаржы негізінен төтенше жағдай жарияланған елдімекендерде топан су басқан сәтте тұрып жатқан азаматтарға тиесілі. Ал, олардың арасында пәтер жалдап тұрып жатқан жандар да бар. Осы мәселелерді қарап тиісті шешшім қабылдау мақсатында ауданда арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. Соның нәтижесінде 1438 құжат қайта қаралып, 1319-ы оң қорытынды алған. Алдағы аптада бұл жұмыстар толығымен аяқталуы тиіс. Осы мақсатта Жаңажол ауылдық округіне қосымша 4 білікті маман бөлініп отыр, – деді Ғани Құрмашұлы.  

Сонымен қатар, эвакуациялық бекеттерде өткен кездесу барысында бұзылып қайта салынатын үйлердің құжаттары түгел болмауына байланысты қиындықтар туындап отырғаны да сөз болды. Мәселен, топан суда қалған 870 үйдің 4-інде жеке куәлік көшірмесі, 19-ында меншік иесі туралы мәліметтері, 7-еуінде мемлекеттік актісі, 8-нің техникалық паспорты жоқ. Бүгінде облыстық құрылыс басқармасына 834 үйдің құжаттары тапсырылса, 832-сі тексеруден өткен, 2 құжат қайта түзетуге жіберіліпті.  

Сондай-ақ Ғани Рысбеков облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі штабының жанынан құрылған азық-түлік қоймасында болып, ондағы атқарылып жатқан шаруалармен де танысты. Жалпы қоймаға бүгінге дейін еліміздің түкпір-түкпірінен 740 тоннадан астам тауар келіп түссе, оның 320 тоннаға жуығы эвакуациялық пунктерде азаматтарға таратылып берілген. 

 Айта кетейік, бүгінде аудандағы 8 эвакуациялық бекетте 996 азамат уақытша орналастырылған. Оларға күнделікті қажетті барлық жағдай жасалуда. Азық-түлік пен гигиеналық заттар дер кезінде жеткізіліп берілуде.