Чемпиондарға құрмет көрсетілді

Қысқаша

Сәрсенбінің сәтті күні «Шардара Армспорт» спорт клубында чемпиондарды марапаттау рәсімі өтті.

75100189_891123171290049_1431501411366993920_n.jpg

Румынияның Констанца қаласында армрестлинг спорты бойынша өткен Әлем чемпионатында шардаралық спортшылар тамаша ойын өрнегін көрсетіп, ел қоржынына 14 алтын медаль салды! Тағы да 14 спортшы жүлдегер атанды. Абыройымызды асқақтатқан құрыш білекті азаматтарымызды елге оралғанда жерлестері зор құрметпен қарсы алды.


 Салтанатты шарада аудан әкімінің міндетін атқарушы Бауыржан Шомпиев құттықтау сөз сөйледі.

– Биылғы жыл еліміз үшін айтулы оқиғаларға тола жыл болып отыр. Елбасымыз 2019 жылды «Жастар жылы» деп жарияласа, біздің өңірімізде Шардара ауданының құрылғанына 55 жыл толады. Жерлестеріміздің Европа елінде үздік нәтиже көрсетіп, 14 алтын медальды иеленуі – осынау даталарға лайықты тарту болды десек жарасады. Шардараның қол күресін бүгінде әлем мойындап отыр. тәуелсіздік алғаннан кейін ғана басталған спорттың бұл түрінен бүгінге дейін 34 әлем чемпионы шыққан болса, енді оған тағы да 14 әлем чемпионы қосылды. Басқа да қаншама спортшыларымыз жүлдемен оралды. Бұл армрестлинг спортының ауданымызда негізін қалаушы Арман Қарсыбаев пен оның ұжымының жанкешті еңбектерінің нәтижесі деп білеміз. Жеңіс құтты болсын! – деген Бауыржан Қуанышбайұлы жеңімпаз спортшыларға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайдың атынан «Алғыс хаттар» мен бағалы сыйлықтарды тарту етті.

Румынияда қыздар арасында өткен сайыстарда Назира Зиядулла, Жұлдыз Нарзан, Арай Мәлік, Ләззат Мәлікайдар, Мақпал Зиядулла және Ұлбала Камал атты жерлестеріміз чемпиондық атаққа қол жеткізсе, ұлдар арасында Нұрболат Басымбек, Асылжан Бекжігіт, Нұрхат Қалдарбек, Азамат Арапбай, Ердәулет Сарыбай, Мағжан Шәмиев, Талғат Ақтай және Дәурен Әбсаттар есімді спортшыларымызға қарсылас шақ келмей, жеңіс тұғырына көтерілді. Ал, Қуандық Ахмет, Құралай Абдулла, Ердәулет Нұрмахан, Данияр Роман, Ердәулет Мұхамедов, Мәдина Жақып, Бақдәулет Нұргелді, Есболат Қаржау, Абзал Пірімбет, Ернұр Жәдігерова, Әділет Олжабек, Нұрдәулет Қадір, Нұрдәулет Айдархан атты палуандарымыз әлем біріншілігінң жүлдегерлері атанды. Спортшылармен қатар осынау әлем біріншілігінде 4 бірдей шәкірті әлем чемпионы атанған жас жаттықтырушы Жазира Ақбаева мен командаға жетекшілік жасаған Бақдәулет Тұрмановтарға да сый-сияпаттар тапсырылды.


Рейтинг газеті