Орталық Азия Қытайдың отарына айнала ма?

Қысқаша

​Қытай Орталық Азия елдеріне берілетін көмекті жыл санап күшейтіп келеді.

Кытай орталык азия.jpg

 Егер түптің түбінде Шығыстағы айдаһар Орталық Азия елдерін осылайша ықпалына түсіріп алатын болса, онда Қытайдың жетегіне еретін алғашқы ел Тәжікстан болады. Өйткені бүгінде Қытайдың Орталық Азия елдеріне берген жалпы қарызының үштен екісі тәжіктерге тиесілі. Кейбір ақпарат құралдары Тәжікстанды сателлит-елге, дәлірегі тәуелсіздігі тек фомалды түрде бар, бірақ шын мәнінде өзгенің құлдығына түскен мемлекетке айналуға жақындап қалды деп жазып жатыр.




«Независимая газета» басылымының жазуынша, Қытай 2013 жылдан бергі аралықта Тәжікстанда жол мен тоннель салуда. Бейжің  тәжіктерге  Душанбе -Кульма тас жолын жөндеу үшін 357 миллион доллар берді. Аталған тас жол Қытай мен Тәжікстанды Таулы Бадахшан арқылы байланыстырады. Қытайлық компания инфрақұрылымы өте нашар дамыған аталған Таулы Бадахшан автономиялық облысында тоғыз көпір салуда. Осы жерде аспан асты елінің бизнесмендері «Якчилва» күміс кен орнын игеруге кірісті.

 

Тәжік билігі қытайларға жайылып жастық болуда. Солай істейтін де жөні бар.  31 қазанда ел Парламенті Қытайдан 2,3 миллиард юань көлемінде қайтарымсыз көмек алу жөніндегі келісімді ратификациялады. Экономикалық даму және сауда министрі Негматулло Хикматуллозоданың айтуынша, мұндай көмек екі ел арасындағы келісім аясында беріліп отыр. Бұл қаржы Куляб және Бохтар қалаларының жолдарын жөндеуге жұмсалады.

 

Алмақтың да салмағы бар ғой. Бұған дейін Тәжікстанның Парламенті Мургаб ауданындағы күміс кен орындарын қытай инвесторларына беруді мақұлдаған болатын. Ол ғана емес, кен орнында жұмыс істейтін Қытайдың “Кашн Синьюи Дади Майнинг Инвестмент” компаниясы жеті жылға салықтан босатылды. Биліктегілер шетел инвесторы салық төлемегенімен мойнына бірқатар міндеттерді қабылдайтынын айтып отыр. Мәселен, қытайлар  жұмыс орындарына жергілікті азаматтарды қабылдап, оларды жаңа технологиямен жұмыс істеуге үйретуі тиіс. Бір қызығы, қытайлар аталған кен орнындағы күмісті жеті жыл емес бар-жоғы үш жылға жетпейтін уақытта тауысып қоюы мүмкін. Жоғарыда аталған қытайлық компанияның өкілі Юан Ин Худың мәлімдеуіше, жылына 40 тонна таза күміс өндіруге мүмкіндік бар. Ал кен орнында барланған күмістің қоры 113 тоннаны құрайды. Жергілікті зиялы қауым күміс өндіретін кен орындарын шетелдіктерге беруге қарсы. Мәселен экономика ғылымдарының докторы Ходжимұхаммад Умаровтың айтуынша, сирек кездесетін металдарды шетелге жіберуге болмайды. Алтын-күмісті мемлекеттің өзі өндіріп, қазынада сақтауы тиіс. Алайда тәжік билігі ешкімнің кеңесіне құлақ асып жатқан жоқ.   Қазірдің өзінде елдегі алтын кен орындарының 80 пайызы қытайлықтардың қолында.

 

Тәжікстан соңғы жылдары Қытайға қарызға белшесінен батып қалған. Тәжікстанның қаржы министрлігінің хабарлауынша, жыл басында елдің сыртқы қарызы 2 миллиард 879 миллион долларды құраған. Оның 1 миллиард 209 миллионы Қытайға тиесілі. Сарапшылардың айтуынша, Тәжікстан бұл қарыздардан ешқашан құтыла алмайды.  Осылайша қарызбен басын шырмап алған Қытай Тәжікстанды толығымен тәуелділікте ұстауы мүмкін. Алайда қытай сарапшысы Шэн Сию мұндай пікірмен келіспейді.

 

-Кейбір сарапшылар Қытай берген қарыздарын кешіру арқылы Орталық Азия елдерін тәукелділікте ұстауы мүмкін дегенді айтады. Жоқ, олай болуы мүмкін емес. Мұны Орталық Азияға қатысты отарлау саясатымен байланыстыруға болмайды. Керісінше, ¬ытай ешқашан қарызды кешпейді, - деді сарапшы. Оның айтуынша, соңғы 5-6 жылдың көлемінде Қытай тек бір ел - Камерунның ғана қарызын кешірген. Оның өзінде де тек бір бөлігін (6 миллиард доллардың 80 миллионын ғана) форс-мажорлық жағдайға байланысты сызып тастаған. Аспан асты елі Орталық Азиядағы қарыздарын ешқашан есептен шығарып тастамайды. Кейінге қалдыруы мүмкін, бірақ кешірмейді.

 

Бірақ Қытай елі өте көнгіш.  Қарызды ақшалай емес, басқа да жолдармен қайтара беруге келіседі. Ақша жоқ па онда акциямен, кен орнымен есеп айырысуға болады. Бірақ Қытай тарапы да өзінің талабын қоя біледі. Қытай инвестициясы келген жердің бәрінде қытайлық болуы шарт. Ол жерде Қытайдың маманы жұмыс істейді. Қытайлық техника жүруі тиіс. Бәрі Қытайдың материалымен жасалуы қажет.

 

Қытайдың Орталық Азияға қатысты отарлық саясатын бос байбалам деушілер де бар. Бұл байбалам бірінші кезекте Ресейге қажет. Неге десеңіз, соңғы уақытта Қытайдың Орталық Азияға инвестиция салуы Ресейді қатты мазасыздандырады. Мәселен Тәжікстан  Қытайға экономикалық жағынан тәуелді болып қалса, күні ертең оны Еуразия экономикалық одағына кіргізу мүмкін болмай қалады.

 

Әйтеуір Орталық Азия Қытай мен Ресей сияқты екі алыптың арасындағы талас-тартыс нысанына айналып кетпесе жарар еді.


Рейтинг газеті