Сайлауда дауыс аз жиналып... әкімдер қызметтен кетті

Қысқаша

Сайлаудан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кадрлық ауыс-түйістер жасады. Әрине, бұл алдын ала күтілген. Мемлекет басшысы жаппай кадрлық сапырылыс жасамаса да, аренаға біраз жастарды алып шықты. Тоқаев жастарға көбірек сенім артатын байқатты. 300 жастан

3565eb123044817b.jpg201809110540436.jpg

 Сайлаудан кейін екі-үш өңірдің әкімдері жаңарды. Солардың ішінде Нұр-Сұлтан қаласы мен Маңғыстау облысы бар. Осыдан кейін-ақ Тоқаевтың әкімдер арасындағы ауыс-түйісті қандай қағида бойынша жүргізгені белгілі болып қалған сияқты.

 

Орталық сайлау комиссиясының таратқан мәліметіне қарағанда, 9 маусымдағы сайлауда Тоқаевқа ең аз дауысты Маңғыстау облысы берді. Бар-жоғы – 55 пайыз! Сайлаудан кейін Маңғыстаудың  әкімі Ералы Тоғжанов қызметінен кетті. Оның орнына Серікбай Тұрымов тағайындалды. С.Тұрымов Ол 2017 жылдан бергі аралықта Маңғыстау облыстық мәслихатының хатшысы лауазымын атқарып келген.

 

Тоқаевқа осы жолы Нұр-Сұлтан қаласы да аз дауыс берді (59,19 пайыз). Сайлаудан кейін елордада заңсыз митингілер өтіп, ел біраз у-шу болды. Елорданың әкімі Бақыт Сұлтановтың қызметінен босап, оның орнына Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов тағайындалуы осы аз дауыспен, у-шумен байланысты сияқты. Алтай Көлгіновтың орнын Ғали Есқалиев басты. Ол бұған дейін Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымын атқарған.

 

Тоқаев қызметке біраз жастарды алып келгенімен, әлдеқашан зейнет жасына жетсе де әкімдік креслоны босатпай жүрген  Алматы облысының әкімі Амандық Баталовты (биыл 67-ге толады), Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовты (65 жас) орнынан қозғаған жоқ.

 

Есесіне Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова «атынан ауып түсті». Оның министрлік қызметі 100 күннен әзер асты. Кейбір сарапшылар «Шәмшидинова министрлікте анау айтқандай өзгеріс жасай қоймайды» деген еді. Оған өзгеріс жасауға мүмкіндік те берілген жоқ. Бұған дейін Шәмшидинованың орынбасары, тест орталығының басшылары сыбайлас жемқорлық қылмысқа күдікті ретінде жауапқа тартылды. Министрдің креслосымен ертерек қоштасуына осы жәйттардың салқыны тиген болуы әбден мүмкін.  Шәмшидинованың орнын Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болған, бұрынғы вице-министр Асхат Аймағамбетов басты. Жаңа министрдің жасы 37-де.  

 

Айтпақшы, осы аптада Қайрат Мәмидің күйеу баласы Асқар Жұмағалиев қайта құрылымдаудан өткен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып тағайындалды. Министрлік қайта құрылымдаудан 17 маусымда өтті. Ведомствоға ауыл шаруашылығы министрлігінің геодезия және картография саласындағы, сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің инновациялық қызмет, елдің ғылыми-техникалық дамуы саласындағы функциялары мен өкілеттіктері берілді.

 

Мағзұм Мырзағалиев Экология, геология және табиғи ресурстар министрі, Бақыт Сұлтанов Сауда  және интеграция министрі болды. Қос министрлік жаңадан құрылып отыр. Ақтоты Райымқұлова Мәдениет және спорт министрі, Алик Шпекбаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің  төрағасы, ал  мәжіліс депутаты Анар Жайылғанова Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы қызметіне тағайындалды.

Рейтинг газеті