Ертаевтың еркелігі...

Қысқаша

Жұмыстан босату туралы шешім қабылдауға ұласты

ертаев.jpg

 Мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талап күшейгенімен шенеуніктердің шектен шығуы, әдептен аттауы азайып жатқан жоқ. Қарамағындағыларына қотыр қожайын, төмендегілерді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстағысы келетін бастықсымақтар баршылық.

 

Әсіресе, ішкі мәдениеті шолақтау бастықтар Оңтүстікте көптеу десек, қетелеспейтін сияқтымыз.

 

Қазығұрт ауданы ветеринария бөлімінің басшысы Әбдіғали Ертаевтың қарамағындағыларға істегенін тіптен сорақылық деуге болады. Есепшіні жұмыстан кетуге мәжбүр еткені былай тұрсын,  оның ауыспақ болған мекемесіне хабарласып, жұмысқа алмауды айтқанын адамгершіліктен аттау демеске лажыңыз жоқ.

 

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысындағы Әдеп жөніндегі Кеңесінде  айтылған мән-жайларға қарағанда,  Қазығұрт аудандық ветеринария бөлімінің бухгалтері М.Бегалиева бастығының дөрекілігі жөнінде аудан әкіміне арыз жазған. Тексеру кезінде арызда көрсетілген мән-жайлар дәлелін тапқан.

 

Әбдіғали Ертаев аталған бөлімнің басшысы қызметіне  былтыр  қазанда тағайындалған. Ол осы кезден бастап қол астындағыларға күн бермеген көрінеді.  А.Ертаевтың М.Бегалиеваға айтқан сөздерін газет бетіне жариялаудың әрине, қажеті жоқ. Бірақ  бастықтың соншалықты дөрекілік көрсететіндей, ең ақыры құжаттарды аяғымен теуіп, оны «ал» деп бұйыратындай басына не күн туғанын түсіне алмадық. Хат иесінің жазуынша, мұндай дөрекілікті ол қарамағындағы  барлық маманға көрсеткен. Әдеп Кеңесі мүшелерінің алдына келген М.Бегалиеваның айтуынша, «арызыңды жаз, жұмыстан кет» деген сөздерден кейін ол басқа мекемеге ауыспақ болған. Алайда Ертаев ол мекемеге хабарласып, мұны жұмысқа алмауды айтқан көрінеді. Бастықтың бұл әрекеті ер - азаматқа жараспайтыны айтпаса да түсінікті.

 

Жалпы, Әбдіғали Ертаевтың әжептәуір еңбек тәжірибесі бар. Мамандығы бойынша мал дәрігері. Жоғары білімді. Колхозда малдәрігерліктен бастап,  Қазығұрт ауданы Тұрбат ауылының әкімі болған. 2000 жылдары Қазығұрт ауданы әкімінің көмекшісі қызметін де атқарыпты. 2012 жылдан бастап  Шымкент қаласында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары, ал  былтыр  аталған бөлім басқармаға айналған кезде осында бөлім басшысының орынбасары лауазымын атқарған.  Бұл қызметті екі айға жетпейтін уақыт атқарған соң Қазығұрт ауданы ветеринария бөлімі  башысының креслосына қонжиған. Алайда мамандығы, жұмыс тәжірибесі малдәрігерлік  болғанымен, арызданушының жазуынша Ә.Ертаевтың ветеринария саласынан мұрнына иіс бармайтыны рас па? 

 

Ертаевтың қарамағындағы қызметкерлерге дөрекілік көрсететінін, жанына тиетін ауыр сөздерді айтатынын бөлімдегі өзге мамандар да растаған. Кеңес мүшелері бірауыздан Ертаевты атқарып отырған лауазымынан босату жөнінде шешім қабылдады. Әрине Әдеп кеңесінікі ұсыныс. Бұл ұсыныс Ертаевты қызметке тағайындаған басшыға беріледі. Бірақ оның сөзсіз орындалатынына ешқандай күмән жоқ.

 

Ертаев енді кімге ерекелер екен?

 Рейтинг газеті