Тоқаев теледебатқа қатыса ма?

Қысқаша

11 мамырдан бастап президентікке үміткерлердің үгіт-насихат науқаны басталады. Кандидаттар арасында теледебат өтуі мүмкін. Мұны Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлім етті.

photo_275405.jpg

-Менің білуімше, теледебат болады және тікелей эфирде өткізіледі. Кандидаттар өзара пікірталасқа түседі, - деді Абаев журналистерге берген сұхбатында.

 

Кандидаттардың теледебатта пікірталастыруы сайлаудың ең қызық сәті болып саналады. Демократиясы дамыған Еуропа, Америка елдерінде баяғыдан солай. Қазақстанда соңғы рет теледебат осыдан 14 жыл бұрын, 2005 жылдың 17 қарашасында өткен екен. Орталық сайлау комиссиясы “Хабар” агенттігі телеарнасында Қазақстан президенттігіне кандидаттар арасында пікірталас ұйымдастырған.  Теледебатқа төрт кандидат – Ерасыл Әбілқасымов, Әлихан Байменов, Мэлс Елеусізов және Жармахан Тұяқбай қатысты.

 

Сол кездегі президент әрі сайлаудың басты үміткері Нұрсұлтан Назарбаев дебатқа қатысқан жоқ.

 

Айта кетері, президент сайлауында “Nur Otan” партиясы атынан Қасым-Жомарт Тоқаев, “Ұлт тағдыры” қозғалысы атынан Әміржан Қосанов,  Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан Жамбыл Ахметбеков, “Ауыл” партиясы атынан Төлеутай Рақымбеков, “Ақ жол” демократиялық партиясы атынан Дания Еспаева, Кәсіподақтар федерациясы атынан Амангелді Таспихов, “Ұлы дала қырандары” қоғамдық бірлестігі атынан Сәдібек Түгел бақ сынап жатыр.

 

Теледебатқа Тоқаевтың қатысар-қатыспасы әлі белгісіз.

 

Рейтинг газеті