“Он алты баладан жалғыз тірі қалдым”

Қысқаша

​«Жау әскері шегініп жатқан кез. Бір жаралы немістің жатқанын көріп, қасына бардым. Аяғының мыжылған етінен жүрегім лоқсып, тірі қалмайтынын біліп, атпай кеттім. Артымнан келген солдат қолындағы сағатын шешіп алғысы келгенде оны аңдып тұрған неміс мергені

DSC_0025115412.jpg

1942-1951 жылдары соғыста, сосын әскер қатарында геолог болып қалған Ұлы Отан соғысының ардагері Тілеуімбет Қожаназаров Жеңістің 74-ші жылын 95 жасында қарсы алмақ. 1924 жылы Қызылорданың Қазалы ауданында дүниеге келген Тілеуімбетті ашаршылықта аман алып қалу үшін ата-анасы тоғыз жасында интернатқа өткізеді. Оны бітірген соң Атырауда фабрика-зауыт училищесінде оқиды.

 – 1942 жылы Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстаннан жиналған вагон-вагон солдаттар Арысқа келгенде бір пойызға тіркеліп, Алматыға қарай қозғалдық. Мезгіл күз еді. Новосібірге келген соң Чита қаласының Аннинский ауданына жетіп тоқтадық. Бізді сол жерде мылтық атудан бастап, барлаушы, жаяу әскер бөлімдеріне бөліп, соғыс тәсіліне үйретті.  Менің бойым 1,48 см еді. Балалар үйінде өскен соң уызыма жарымадым ба, аласа болдым. Бірге келген жігіттер менен ірілеу көрінген соң іріктеп әкетіп, қасымда кілең өзбек, тәжіктер қалды. Өз жерлестеріммен жібер деп сұрансам, «немістер ұзындау болады. Аяқтарының астында қалып қоясың» деп бойымның тапалдығын меңзейді. Детдомда өскен еркіндік бар, дәрігерге: «Сен әуелі менімен алысып көрсейші» деймін. Дәрігер күледі. Содан 1943 жылы Иркутскідегі авиамеханик дайындайтын ұшқыштар мектебінде алты ай оқыдым. Олар бомбалаушы, жоюшы (истребитель), шабуыл жасаушы (штурмовой) болып бөлінеді. Мен ірі америкалық бомбалаушы  ұшақтың механигі міндетін атқаруға кірістім. Екі ұшқыш, шабуыл жасаушы, мерген, механик, радист алты адам ұшатынбыз. Кейін басқасына ауыстық. Біз майданға кіргенде Украина, Белоруссия, Польшаны немістер басып алған. Жуковтың полкына қатыстық. Ұшқыш тек ұшуды біледі. Ал механик – ұшақтың техникалық жұмысына жауапты. Мерген жараланса орнын ауыстырамыз. Украина мен Белоруссияны азат етіп, Польшаның аумағында соғыстық. Екінші дүниежүзілік соғыстың бітуіне он күн қалғанда біз Владивостокта Жапониямен соғысуға дайындалдық. Өйткені, 1945 жылы сәуірдің 20-күні Сталиннің бұйрығы шыққан. Кезінде Америка бізге көмек берген, енді бізден көмек керек деген сыңайда. Мен Владивостоктағы Хаймар Харвинский бағытына түстім. 1945 жылдың қыркүйегінде Жапонияны жеңдік. Жапондар 1938 жылы КСРО-ға қарсы соғыс ашып Сахалин, Камчатканы алып қойып, Совет елін біраз әбіржітті. Туған жерге қайтамыз дегенде Сталиннің тағы 23-24 жастағылар әскерде қалсын деген бұйрығы шықты. Өйткені елден келетін жастар жоқ еді. Соғыстың өзінде 50 млн адам қаза тапты ғой. Одан да көп шығар. 1951 жылға дейін Владивостокта геолог болдық. 1947 жылы ауылдан хат келді. Онда анамның қартайып жалғыз қалғаны мен әкемнің қайтыс болғанын жазыпты. Барып, көріп қайтуға демалыс берді. Бірақ қалып кетуге рұқсат жоқ. Келсем шешем әбіржіп кеткен. Дайын төсегі жоқ, ыстық тамақ ішпейді. Бір орыстың бұзауын бағып, сиырын сауып күнелтіп отыр. Мен 16 баладан аман қалған жалғызбын. Бәрі ашаршылықта өлді. Шешем кетерде жылап шығарып салды. Сосын Сталинге жағдайымды айтып хат жаздым. Бір айда жауап келгенмен бәрібір елмен бірге 1951 жылы қайттым. Анам бұл кезде алпыстан асып, қартайып қалыпты. Жертөледен үй қазып алған. Колхоздың адамдары болса аш-жалаңаш. Уақытында барлық астықты майданға өткізген. Бір айдай колхозда жүрген соң, бір түнде анамды алып Қазалы қаласына көшіп кеттім. Мұнда 1952 жылы аудандық милиция бөліміне қызметке тұрғанмын. «Жұрттың қарғысын аласың, жалғыз бала айрылып қаламын» деп анам жылап қоймаған соң екі жылдан соң шығып кеттім. Үйленіп, отбасылы болдық. Түркістанда ауылшаруашылық саласында 7 жыл механик болып істедім, Шәуілдірде қамыс зауытын басқардым. 1964 жылы Шымкентке келіп, ет комбинатына механик болып 30 жыл еңбек еттім. 1985 жылы алпысқа толғанымда көлік беріп, соғыс ардагері ретінде сыйлады. Зейнетке шыққан соң 7 жыл тағы істедім. Үкімет сол кезде 28 наградамен марапаттаған. Украинаны азат еткенім мен Жапония мен Германияны жеңуге үлес қосқаныма берген медальдары көп болды. Әскерден келгесін шешем шашбау қылып шашына тағып алатын. Жарым Әниша екеуміз 11 бала сүйдік. Үлкен ұлым ұшқыш еді. Сол қайтыс болған соң анасы уайымдап көп ұзамай өмірден өтті. Одан соң тағы бір ұшқыш балам мен екі қызым дүниеден қайтты. Қазір қалған алты баладан 26 немере бар. Сталиннен бастап ел басқарған адамдардың тегін ұмытқам жоқ. Қазіргі басшыларға өкпем жоқ. Пендеміз ғой. Дүние деген қолдың кірі десек те, ол ешкімді жиіркендірмейді. Бола берсе дейді. Отан қорғадым, маған жағдай жаса демеймін. Ол менің парызым болды, өтедім. Енді бергеніне шүкір. Талай ажалдан қалып, осы жасқа келгенімнің өзі – олжа. Армансыз пенде жоқ. Өзі осы жерде отырып-ақ бақилық болып кетуім мүмкін. Кейде жүргенде басым айналып құлап кетемін.

  шартты.jpg

Біз оттан шықтық. Жаяу әскер келе жатып, қасындағы жолдасына оқ тиіп құласа оны тұрғызып сүйей алмайды. Талап сондай. Жаралыны жинайтын санитарлар бар. Екі аяғын, екі қолын снаряд жұлып кеткендерді көрдім. Мүгедек болып келгендерді партиядағылар әйелдеріне қосып, «егер қарамасаң сотталасың» дегеніне куә болғанмын. Бейбіт заманда бір рет пойыз қағып кете жаздаса, екіншісінде үстіме үлкен су тола бөшке құлап түскен. Мені бірнеше рет ажалдан қаққан Алладан келген қасиет бар, - деген қарияға қарап, бәлкім он бес бауырының жасамағанын ата-анасы осы балаға нәсіп ет деп тәңірден тілеген шығар дейміз.

Әңгіме арасында құлағының нашар естіп, дауысының қатты шығып кеткені үшін кешірім сұрады. Ал біз, бүкіл өмірбаянын есінде сақтағанына таңырқадық. Отанды қорғап, бейбіт күнде еліне қызмет етіп, бала тәрбиелеп, артында ұрпақ қалдырған атаның шынында бұрынғылар айтқандай сүйегі асыл.  Тілеуімбет атаның айтары көп, соғыс жылдарындағы ерекше оқиғаларды әңгімелеп, батырларған қатысты өзіндік көзқарасын да білдірді.

– Өмірде неше түрлі бәле кездеседі. 1947 жылы соғыс біткен. Сонда КСРО-ның батыры атанған, ұшқыш жігіт түнде әуеде түрлі фигуралар жасап, біраз қалықтайды. Қызбалықпен тым биікке ұшып, аспандағы жұлдыз бен жердегі электр жарығын ажырата алмай, көкке бағыт алдым деп ойлап жерге түсіп, үш метр тереңдікке кіріп кетеді. Іздедік, ұшқыштың басы не денесі жоқ. Кішкентай жүректің еті ғана сымға жабысып қалыпты. Соны табытқа салып, үйіне хабар берілді. Әйелі болса соғыстан аман шығып, бейбіт күнде апатқа ұшырады дегенге сенбей табытты ашуды өтініп тұрып алған ғой. Кішкентай жүректі не деп көрсететін білмей табытты алып барғандар сылтау айтса да, әйел қайтпаған соң шындықты жеткізіпті. Соғыста ұшқыш жаудың төрт ұшағын құлатса оған батыр атағын берген.

Өзбек, тәжіктер туыстары қайтыс болса алыстан үйіне ой бауырымдап  жүгіріп кіреді. Оңтүстік пен Жамбыл облысында да осы көңіл айту үрдісі бар. Ал бұл қазақтың дәстүрінде болмаған. Бала кезімде біздің ауылдағылар даусын шығармай-ақ, қайғырып келіп, көңіл айтып кететін. Міне, сол өзбектер алғашында ұрыста бір жерлесі өлсе бәрі қоршап, әлгіні жоқтап, иманын үйіріп тұратын. Жау сол жерге бомба лақтырып бір мезетте бірнешеуін қырып тастайтын. Бірді айтып, бірге кетті деме, есіме түскен соң әңгімелеп жатырмын. Сталин басында азиаттарды, оның ішінде қазақтарды майданға соғысуға емес, жәй тамақ тасып, кір жуып, жүк таситын техникалық жұмыстарға алады екен. 1942 жылы Ленинград, Мәскеу қоршауда қалады. Осыдан кейін Алматыдан 316 атқыштар дивизиясы құрылады. Жау әскері Мәскеуге жақындап қалғанда 28 Панфиловшылардың ерлігі ел есінде.  Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевты Кеңес билігі бағаламады. Ал, Бауыржан Момышұлына Кеңес одағының үш дүркін батыр атағын берсе де лайықты еді.

 Рейтинг газеті