Әке ерлігі – ұрпағына өнеге

Қысқаша

​Екінші Дүниежүзілік соғысқа атам Марқабайдың екі бірдей ұлы Бүркіт пен Әбдікерім 1942 жылы күзде аттанады. Көп ұзамай Бүркіт қаза болды.

Scre1445858.jpg

Ал әкеміз Әбдікерім ұрыстың соңғы күніне дейін, яғни жеңіс туы Рейхстагта желбірегенге дейін фашистермен шайқасты. Қатардағы жауынгер үш жылдың ішінде төрт рет жау оғынан жарақат алған, төртіншісінде оқ басынан тиіп, 6 ай госпитальда жатып емделген. Жаңбырша жауған оқтан Алланың рақымымен, біздің несібемізге әкеміз аман қалған. “Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі”-деген осы болар.

 

Әкеміздің сол бір сұрапыл жылдарды еске алып, айтқан әңгімесі көп. Бір жолы Белоруссия майданында болған үлкен шайқастың алдында немістердің күшін, олардың ұрысқа дайындығын тексеру үшін, “тіл” әкелу керек болады да бұған әкем Әбдікерім мен өзбек жігіті Исмайылды жібереді. ”Түн ортасында қараңғыны жамылып ұрыс сызығынан аман - есен амалдап өттік. Аузымызда тістеп алған қанжар, белде граната, иықта  автомат. Үйді қорып жүрген күзетші неміс солдаты бізді байқамады. Әлде енді жарықтан шығып, көзі қараңғыға үйренбегендіктен бе, алдымызға жақындағанда, орнымнан атып тұрып қимылдауға шамасын келтірмей, аузын басып, қанжарды жүрекке салдым. Одан соң гранатаны қолға ала, Исмайылды есік алдына күзетке қалдырып, есікті бірден аштым да гранатаны лақтыруға оқталдым. Іште жатқан екі немістің көзі шарасынан шығып, зәре құты қалмай, қолын көтерді. Есік алдында тұрған Исмайыл ішке кіріп, олардың қаруын жинап алып, қолдарын  байладық. Шешулі тұрған олардың етігінен бір шұлғауды алып, екіге бөліп, ауыздарына тықтық. Қалған шұлғаулармен тығынның сыртынан мықтап байладық. Кідіруге уақыт жоқ, таң атуға жақын. Таң қараңғысын жамылып, екі немісті жетелеп өз жағымызға жылдамдатып жүріп келеміз. Фашистер бізді сезіп қалды білем аспанға ракета атылды. Біз жата қалдық, тұтқын немістеріміз жатқысы келмеген сыңай танытып еді, оларды автомат құмдағымен түйгіштеп алдық. Аздан соң тыныштық орнап, біз алға  қарай жылжыдық. Шептен өтерде немістер бізді біліп қалды, ракета атылып, ұрыс басталды. Біз де автоматтан оқ жаудырдық. Жақын жерде  орналасқан біздің полк тез жәрдемге жетіп келді. Қиян-кескі ұрыс басталды. Түн қараңғысында снарядтар ерсілі-қарсылы ұшып, жарылуда. Тұтқындарды жанымызға алып, снарядтан пайда болған шұнқырға  түсіп жасырынып, біз жатырмыз. Бір мезгілде жаудың алдыңғы  шебі, біздің әскерлердің тықсыруына шыдамай  кейін шегінуге мәжбүр болды. Немістердің  қараңғыда бір снаряды жанымызға келіп жарылды. Снаряд  жарықшасынан  Исмайыл мен немістердің біреуі өлді. Кейін  білсем, өлген неміс офицер екен, жанымдағысы көмекшісі. Шабуылға өткен өзіміздің әскерлер бізге де жетіп келді. Командирімізге әкелген “тілді” тапсырдым. Командирдің бұйрығымен маған ”Қызыл жұлдыз” орденіне ұсыныс болды да, бір күндік демалысқа шықтым. Немістер шепті тастап кейін қашты. Өлген әскерлерімізді жерлеуге кірістік. Бізден шығын аз бопты. Мен серігім Исмайылдың денесін өз қолыммен жерледім, білген құранымды оқыдым. Исмайыл ашық-жарқын, жақсы жігіт еді. Туған жері Самарқанд облысы. Марқұмның үйіне болған жағдайларды  баяндап, көңіл айту хатын жібердім.

 

1944 жылы наурыз айында Польша жерінде болған кезекті ұрыста фашистер басымырақ болып, біз шегіне бастадық. Артымнан немістің екеуі басқалардан  озыңқырап шығып келеді, мен қайырыла сап, біреуін жайраттым да серіктерімнің  соңынан жүгіре бергенімде оқ тиді. Жер айналып, көзім қарауытып, құладым. Бірнеше  күндер өтіп көзімді ашсам, госпитальда жатыр екенмін. Оқ оң құлағымның артына тиіп, сол көзімнің астынан шығыпты. Көзім аман. Госпитальда  алты ай емделдім. Кейін білсем маған оқ тиіп құлаған кезде, біздің әскерлер шеп түзеп, жауды сол жерден  кейін қайтарған екен. Егер олар маған жеткенде өлтіріп кетуі анық еді”- деп отыратын әкем.

 

Соғыстан оралған соң, әкем қазіргі Шардара ауданындағы  орман  шаруашылығында  орманшы  болып  бірнеше жылдай жұмыс істеді. 1994 жылы 94 жасында дүниеден қайтты.

 

Рейтинг газеті