«Атамбаев қамалсын!»

Қысқаша

Бішкекте Жоғарғы сот ғимараты жанында оппозициялық саясаткерлер Омурбек Текебаев, Дуйшенкул Чотонов және Садыр Жапаровтың жақтастары олардың босатылуын талап етіп, митинг өткізді.

Текебаев пен Жапаров жетекшілік ететін «Ата Мекен» мен «Мекенчил» партияларының белсенділері қатысқан митингте саяси тұтқындарды босатумен бірге экс-президент Алмазбек Атамбаевты, арнайы қызмет басшысы болған Әбдил Сегизбаев пен экс-бас прокурор Индира Жолдубаеваны жауапқа тарту талап етілді. Осылардың тапсырысы бойынша партия лидерлері түрмеде отыр дейді митингке қатысушылар.

 

 «Ата Мекен» партиясының лидері Омурбек Текебаев пен бұрынғы елші Дуйшенкул Чотонов 2017 жылы ресейлік кәсіпкер Леонид Маевскийдің шағымы бойынша пара алды деп айыпталып, әрқайсысы сегіз жылға сотталған болатын. «Мекенчил» партиясының лидері Садыр Жапаров болса 2018 жылы Қаракөлде заңсыз митинг өткізіп, 2013 жылы сол кездегі губернатор Эмильбек Каптагаевты заңсыз кепілге алды деп айыпталып, 11 жылға бас бостандығынан айырылған. Саясаткерлер өздеріне тағылған айыпты мойындамай, саяси тапсырыс деп мәлімдеген-ді.

 

Сондай-ақ Қырғызстанда белсенділер Ыстық көл облысы, Көк-Мойнок ауданынан уран өндіруге қарсы қол жинап жатыр. Петиция авторлары уран өндірмек аймақтың туристік мекен, бұл экологиялық апатқа әкелуі мүмкін екенін айтып дабыл қағуда. Экология нашарласа, туристер азайып, жұмыссыздық саны көбеюі мүмкін деп қауіптенеді. «ЮрАзия» компаниясы Кызыл-Омпол кенішінде уран өндірмекші. Компанияның 60 проценті ресейлік кәсіпкерлерге, 40 проценті қырғызстандықтарға тиесілі. Экологияға алаңдап отырған жергілікті тұрғындар кеніш маңында митинг өткізіп, Бішкекте кеніштің игерілуіне қарсы шеру жасады. Уран кенішіндегі геологиялық барлау жұмыстарын зерттеу бойынша үкімет комиссиясы құрылған. Өнеркәсіп, энергетика және жер қойнауын игеру бойынша мемлекеттік комитеттің дерегінше, компанияға уран өндіру бойынша лицензия 2010 жылы қараша айында берілген, 2020 жылдың желтоқсан айына дейін жарамды. Ал, қоршаған ортаны қорғау мен экология мәселесінде ешқандай саясат болмауы тиіс екенін мәлімдеген Қырғызстан премьер-министрі Мұхаммедкалый Абылгазиев Қызыломполдағы уран кеніндегі жұмыстарды экологиялық сараптама шыққанша тоқтата тұру туралы жарлық берді.

  Рейтинг газеті