Әрбір қазақстандық 3,3 миллион теңге қарыз

Қысқаша

Қазақстанның сыртқы борышы 2019 жылы 158,8 миллиард долларды құрап отыр. Яғни, әрбір қазақстандыққа шаққанда 8 мың 800 доллардан немесе 3,3 миллион теңгеден келеді.

 photo_5486.jpg

 Бұл 160 миллиардтай қаражаттың барлығы бірдей мемлекеттің алған қарызы емес, оның арасында елімізде тіркелген компаниялардың шетелден тартқан борышы мен несиесі де есептеледі. Ұлттық банктің Қазақстанның сыртқы қарызына қатысты есебінде айтылғандай, еліміздің сыртқы қарызы мемлекеттің ІЖӨ-нің 93,1 пайызына пара-пар. «Сыртқы борыш құрылымының 63,6 пайызы бұрынғысынша фирмааралық берешек, тағы 25 пайызы отандық секторлардың өзара байланысты емес кредиторлар алдындағы сыртқы борышы болып табылады. Тек 7,8 пайызын мемлекеттік сыртқы борышқа (Үкімет пен Ұлттық банктің алғаны), 3,6 пайызы банктердің сыртқы міндеттемелеріне (оның ішінде мемлекеттік «Қазақстанның даму банкі» және екінші деңгейлі банктер бар) тиесілі, – деп түсіндіріледі Ұлттық банк есебінде.

   – Өткен жылдың 4-ші тоқсанында экономиканың банктік емес секторы да сыртқы қарыздарын біршама жапқан, нәтижесінде олардың міндеттемелерінің азаюы есебінен елдің сыртқы борышы 2,5 млрд. АҚШ долларына қысқарды. Мемлекеттік сыртқы борыш жалпы сомасы 1,05 млрд еуроны құрайтын 5 және 10 жылдық тәуелсіз еурооблигациялардың екі траншын шығару есебінен 899,1 млн. АҚШ долларына өсті. Басқа секторлардың үлестес емес кредиторлар алдындағы сыртқы борышы 1,6 млрд. АҚШ долларына азайды. Ол, негізінен, қарыздарды өтеу есебінен, оның ішінде ERG тобы кәсіпорындарының міндеттемелерін қайта қаржыландыру (963 млн. долларға азайтты), «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының «Сбербанк России» ПАО алдындағы 371 млн. доллар қарызын және «Қазтеміртранс» АҚ-тың ЕҚДБ алдындағы қарыздарын өтеу есебінен орын алды».

Рейтинг газеті