«Ыржақайдың» тағдыры

Қысқаша

Биліктен айырылған бәрінен айырылады Былтыр Ақордадағы Президент әкімшілігінің жетекшісі қызметінен айырылған Әділбек Жақсыбеков алдымен ықпалынан айырылды, міне енді бизнесінен де айырылуға көшкен сияқты. Кім біледі, ертең бар жиған - терген дәулетінің

Screenshot_4.jpg

  «Әділбек Жақсыбеков өзі мен ұлы екеуі иелік ететін «Цеснабанкті» сатты» деген ақпарат тарады. Таратып отырған Ұлттық банктің өзі.

  Бұған дейін Ұлттық Банк пен Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен «Цеснабанк» АҚ-тың қаржылық орнықтылығын арттыру және аграрлық секторға қолдау көрсету шараларына сәйкес, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындарының борыштық жүктемесін басқарудың бірыңғай саясатын іске асыру мақсатында «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ «Цеснабанк» АҚ-тан 604 миллиард теңге сомаға ауыл шаруашылығы кредиттерінің портфелін сатып алған болатын.

  -«Цеснабанк» АҚ-тың үлесіне валюталық кредиттер түріндегі жүктемесі бар агроөнеркәсіптік сала кредиттік портфелінің 65 пайызы тиесілі екендігі белгілі. Сыртқы нарықтардағы жылдам өзгеретін ахуалдың қысымымен ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қаржылық орнықтылығы нашарлады. Өз кезегінде бұл Банктің қаржылық орнықтылығына әсер етті. Жүргізілген шаралар нәтижесінде банктің капиталына жаңа инвестор тартып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге қосымша қолдау көрсету және олардың жылдам қалыпқа келуі үшін жағдайлар жасалды. Қол жеткізілген уағдаластықтар шегінде «Fіrst Heartland Securіtіes» АҚ  «Цеснабанк» АҚ акцияларының бақылау пакетін сатып алды. Ұлттық Банк пен Үкімет іске асырған шаралар кешені және «Цеснабанк» АҚ-қа жаңа инвестор тарту «Цеснабанк» АҚ-ты қалыпқа келтіруге мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта банктің Ұлттық Банктің ең төменгі талаптарынан асатын капиталдандыру және өтімділік көрсеткіштері, кредиторларға қаражаттың қайтарылуын қамтамасыз ететін, теңгемен ұзақ мерзімді қорландыра алатын тұрақты қоры бар. «Цеснабанк» АҚ-ты қаржылай қалыпқа келтіру жоспары қазіргі акционерлерінің теңбе-тең қатысуымен не жаңа инвесторларды тарта отырып мемлекет тарапынан қолдау көрсетудің негізділігі, провизиялардың, капиталдың және өтімділіктің тәуекел-бейініне сәйкес келетін қажетті қорын жасау қағидаттарымен және тиімді менеджментті тарта отырып, қаржы институтының бизнес-моделін кейіннен өзгерту арқылы іске асырылды. «Цеснабанк» АҚ өзінің салымшылары, кредиторлары мен инвесторлары алдындағы міндеттемелерін орындап жатқан, орнықты қаржы институты ретінде жұмыс істеуін жалғастырады. «Цеснабанк» АҚ-тың одан әрі даму стратегиясын FHS акционерлері айқындайтын болады,- делінген Ұлттық банктің таратқан ресми мәлімдемесінде.

  Мәтіндегі соңғы сөйлем банктің ендігі қожайыны кім деген мәселені де айқындайтын сияқты.

Банктің ендігі қожайыны туралы там-тұм ғана мәлімет бар. «Fіrst Heartland Securіtіes» АҚ Қор биржасында жұмыс істейтін дилерлік және брокерлік компания. Ол Fіrst Heartland компаниясының құрылымы болып есептеледі. Fіrst Heartland компаниясының бұдан басқа  Fіrst Heartland Bank коммерциялық банкі және Fіrst Heartland Capіtal инвестициялық қорлармен жұмыс істейтін компаниясы бар.

  Айта кетері, Әділбек Жақсыбеков былтыр 10 қыркүйекте Президент әкімшілігінің жетекшісі қызметінен босатыла салысымен «Цесна» корпорациясы» АҚ-ы директорлар кеңесінің төрағалығына келген болатын. Жақсыбеков аталған компанияның 70 пайыз акциясының иесі саналады. Бұл акционерлік қоғамға Қазақстанда бидай өндірумен айналысатын ірі компания- «Концерн «Цесна Астық» ЖШС-і кіреді. «Цесна» корпорациясы» «Цесна банктің» бірден-бір акционері болып табылатын. Ал «Цесна банк» бұған дейін Қазақстанда активтерінің көлемі жағынан үшінші ірі банк болып  келген. Банк 2016 жылы ресейлік «Плюс банктің» 83 пайыз акциясын сатып алып, дәулетіне  дәулет қосқан еді. Бұл кезде Жақсыбековтің дәурені жүріп тұрған. Жақсыбеков биліктен кеткеннен кейінгі банктің сиқы мынау: қарызға белшесінен батқан, қаржылық жағдайы нашарлаған, инвестиция тартпаса тығырықтан шыға алмайды.

  P.S. Ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге қарағанда, Жақсыбеков дәуірлеп тұрған кезінде белден басып,  «Цеснабанкке» қазынадан ірі көлемде қаржылай көмек алып берген көрінеді. Бұған не премьер, не министр, не Ұлттық банктің төрағасы қарсылық таныта алмағанға  ұқсайды. Өткен аптада Президент Үкімет отырысында «қорқақсыңдар» деген сөзді дәл осы жәйтқа қатысты айтқан дейді білгіштер. Мұның алдында Мемлекет басшысы Ақордада бас банкирді қабылдап, оған «сені кім қорқытып жүр?» дегені белгілі. Осы сөз де бұрынғы Президент әкімшілігінің жетекшісіне қатысты дейді. Кім біледі. Бірақ кездейсоқ ешнәрсенің болмайтыны да ақиқат қой.