Президенттік посттан өз еркімен кету...

Қысқаша

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Конституциялық Кеңеске жүгініп, заң нормаларына түсінік беруді сұранғаны ақпарат құралдарында тағы да шу туғызды. Қалайша шу шығармасын, егер Президенттің түсінік беру жөніндегі өтініші президенттің өкілеттігіне қатысты болс

 37feda53ad7e947c1528771d9740aeee.jpg

 Осыған байланысты Елбасы халыққа  үндеу арнады.

 -1995 жылы Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдаған сәттен бастап осы күнге дейін Конституциялық Кеңеске 220 өтініш, соның ішінде Президенттен 22 өтініш жолданды.

  «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» заңға сәйкес, Конституциялық Кеңес Конституцияға ресми түсіндірме беруге құқылы. Заңнамада олқылықтардың орын алуы – болып тұратын жағдай. Мысалы, Конституцияда Президентті алмастыру жолдары айқындалмаған, сондай-ақ оның өз еркімен отставкаға кету жағдайы қарастырылмаған. Мұндай нормалар әлем елдері конституцияларының бәрінде бар. Бұл аспектілердің өзектілігі зор екенін ескеріп, мен Конституциялық Кеңестен осы ережені түсіндіруді сұрадым. Бүгінде қоғамды сайлау мәселесі қызықтырады. Бірақ, бұл тақырыпқа қатысты жұртты дүрліктірудің қажеті жоқ. Ата заңымызда, «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңда сайлау өткізудің тәртібі мен уақыты, өкілеттіліктің аяқталу мерзімі анық жазылған. Конституцияға сәйкес Президент кезектен тыс сайлау өткізу жөнінде мәлімдеме жасауға құқылы, бірақ ондай жағдай бола қоймас. Сондықтан, тыныштық сақтап, күнделікті жұмыспен айналыса беру керек,- делінген Президенттің Ақорданың ресми сайтында жарияланған мәлімдемесінде.

Елбасының халыққа орыс тілінде жолдаған бейнеүндеуінде «шулай бермеңдер» деген сөздер келтірілген. Президент мемлекет басшысы болып жүрген адамның қандай жағдайда өз еркімен кетуі мүмкін екендігі туралы өзіне сауал түскенін, осы сауалға байланысты Конституциялық кеңеске жүгінгенін айтады. Сонда қалай, Президенттен біреулер  «сіз өз еркіңізбен қандай жағдайда Президенттік посттан кетесіз?» деп сұраған ба?

  Бейнеүндеуде Президент «жұрт арасында сайлау, билік транзиті туралы сөздер айтылып жатыр. Ата заңды оқыңдар. Президент сайлауды өз бастамасымен тағайындай алады. Бірақ бізге қазір ондай жағдай төніп тұрған жоқ» ,-деді.

  Ата заңды оқысақ,  Қазақстанда Президенттің өкілеттік мерзімі 5 жыл деп «тайға таңба басқандай» анық жазылған. Ал Назарбаев соңғы рет Президенттікке 2015 жылдың сәуірінде сайланған. Бұл мерзім 2020 жылдың сәуірінде аяқталады. Егер Президент сайлауы 2020 жылдың желтоқсанында өтсе, Назарбаев Президенттік постта бес жыл сегіз ай отырған болады. Бұл заңға томпақ келмей ме?

  Қазақстанда Президент сайлауы 2020 жылдың желтоқсанында емес, ең ары дегенде келесі жылдың наурыз, сәуірінде өтуі тиіс.

  Бірақ оған дейін де біраз уақыт бар. Сондықтан  Президент айтқандай, шулай бермей, өз шаруамызбен айналысқанымыз жөн шығар. 

Рейтинг газеті