Қала әкімі қарияларды ардақтады

Қысқаша

Қала әкімі қарияларды ардақтады

Screenshot_25.jpg

Халықаралық қарттар күніне орай бүгін Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов тыл ардагерлерінің үйіне арнайы барды. Ақ самайлы аналардың шаңырағында болып, зейнеткерлердің жағдайына қанықты. Сондай-ақ,  мерекелерімен құттықтап, гүл шоғыры мен сый-сияпаттар табыстады. Алғаш болып Мария Даньшина анамыздың шаңырағында болған шаһар басшысы кейуананың кең көңіліне тәнті болды. «Екі дүниең абат, қос тойың қабат болсын» демекші ардагердің туған күніне дөп түскен бұл бастамаға Мария Федорқызы жүректегі қуанышын жасырып қала алмады. Ағынан жарылған ана Рашид Абатұлына жаңа қызметінде жемісті еңбек етуді тілеп, ризашылығын жеткізді деп хабарлайды қалалық "Түркістан" газеті. 

Ал, Хамдия Шакирова отағасы Тагир Нугмановпен бірге теміржол саласында 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп, зейнетке шыққан. Қазіргі таңда бір ұлдан екі немере мен бес шөбере сүйіп, қызығына қанып отыр. Анамыз биыл сексен екі жасты бағындырса, атамыз одан он жас үлкендігі бар.

– «Би болсын, би болмаса би түсетін үй болсын» демей ме қазақта? Шаңырағымызда осы күнге дейін қанша қонақ күттік. Бірақ, қала әкімі алғаш рет табан тіреуде. Біз өте қуаныштымыз, – деген Хамдия ана республика, облыс, қала көлемінде алған алғыс хаттарымен қатар жеке кітапханасымен таныстырды.  Қарттар күнімен құттықтай келген қала әкімі Рашид Аюповқа алғыс айтып, еңбегіне табыс тіледі.