5 ауылға газ берілді

Қысқаша

5 ауылға газ берілді

000.jpg

Бірнеше жылдан бері көгілдір отынды аңсап келген жетісайлықтар енді қыста жаурамайды. Себебі өңірде бір күнде бес ауылға табиғи газ берілді. Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қатысып, жергілікті тұрғындардың қуанышымен бөлісті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Көгілдір отынға қол жеткізген ауданның Ш.Ділдәбеков ауыл округіне қарасты Достық, Байдала, Зерделі ауылдары мен Атамекен ауылдық округіне қарасты Тыңдала және Қоғалы елді мекендері. Аталған ауылдарда 5 мыңға жуық халық қоныстанған. « Қазіргі таңда Жетісай ауданында 104 елдімекеннің 46-сы, яғни 22 096 абонент табиғи газбен қамтылса, бұл аудандағы елді мекендердің жалпы санының 44,2 пайызын құрап отыр. Ал абонент саны бойынша 74,4 пайызға жетті», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Жалпы биыл Жетісай ауданындағы елді мекендерді газдандыру мақсатында 5 нысанның құрылысына облыстық бюджеттен 615,4  млн теңге қаралған болатын. Оның ішінде 1 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары 2018 жылдың шілде айында аяқталса, 3 елді мекеннің құрылысы жыл соңына дейін ел игілігіне тапсырылады деп күтілуде. Жетісай ауданының даму концепциясына сәйкес 2019-2025 жылдары осы өңірдегі 104 елді мекеннің бәрі дерлік 100 пайыз газбен қамтылады деген жоспар бар.