Оңтүстік Қазақстанда 130 мыңға жуық жер теліміне сәйкестендіру құжаты берілген

Қысқаша

Айта кетейік, егер азаматтар әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болса, жұмысынан айырылған жағдайда Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып, әлеуметтік төлемді тағайындау үшін өтінішін өткізіп, екі қызмет түрін ала

Оңтүстік Қазақстан облысында Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаменті тарапынан 2016-2017 жылдары жалпы 300 мыңға тарта қызмет көрсетілсе, оның ішінде 195 374-і мемлекеттік қызмет түрі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментінің директоры Данабек Исабеков мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, департамент құрылғалы бері екі жылдың көлемінде халыққа мемлекеттік қызмет көрсету бойынша бірнеше бағытта ауқымды істер атқарылған.

Жер теліміне сәйкестендіру құжатын дайындау бойынша - 126008, ал жылжымайтын мүлік объектілеріне техникалық төлқұжат дайындауда 56 мыңға жуық қызмет көрсетілген.

«Қазіргі таңда департамент жалпы 11 мемлекеттік және 30-дан астам коммерциялық қызмет түрлерін көрсетіп келеді. Оның ішінде 4 анықтама тікелей ХҚКО арқылы беріледі», - деді Данабек Ержанұлы.

ҚР Әділет министрлігі тарапынан бекітілген мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің стандартына сәйкес, жаңадан құрылған обьектілерге төлқұжат жасаудың қажеті жоқ.

Сондай-ақ, «Ғимараттардың, құрылыстардың және олардың құрамдастарының жаңадан құрылған жылжымайтын мүлікке сәйкестендіру және техникалық мәліметтерін құқықтық кадастрға енгізу» қызмет түрі қосылған. Осыған байланысты жаңадан құрылған жылжымайтын мүлік объектісінің пайдалануға қабылдау актісі болған жағдайда жылжымайтын мүлік объектісі орналасқан жері бойынша ХҚКО-ға немесе Электронды үкімет порталы арқылы аталған қызмет түріне өтініш беруге болады. Бұл өзгерістердің негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын түбегейлі жақсарту және мерзімдерін қыс-қарту.

Сондай-ақ, «Азаматтарға арналған Үкімет» Мемлекеттік корпорациясына» қарасты «Әлеуметтік төлемдерді ведомство аралық есептеу орталығы» департаменті директорының орынбасары Несібелі Қаражанова өткен жылы жалпы 35,5 млрд. теңге сомасында төлемдер қаржыландырылғанын жеткізді.

«Департаменттің негізгі міндеті – зейнетақы, жәрдемақы және әлеуметтік төлемдерді төлеу және оларды тағайындау үшін фронт офистен келіп түскен құжаттар бойынша олардың макетін қалыптастыру. Мәселен, ағымдағы жылдың 1 сәуіріне Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша төлемдер саны - 916009 болса, Мемлекеттік Әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер саны - 48731», - деді Несібелі Қаражанова.

Оның айтуынша, қазіргі таңда бірнеше композиттік қызмет түрлері бар. Мысалы, азаматтар мүгедектік топтары бойынша тағайындау және төлеу үшін құжаттарды Медициналық әлеуметтік сараптама мекемесіне арызын өткізу арқылы бірден үш қызмет түрін ала алады.

Сондай-ақ, жаңа туылған баланы тіркеу, бала босануына байланысты біржолғы және ай сайынғы 1 жасқа дейінгі бала күтіміне берілетін жәрдемақы үшін өтініштерді медициналық мекемеде композиттік қызметтің төрт түрін алу мүмкіндігіне қол жеткізуде.

Айта кетейік, егер азаматтар әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болса, жұмысынан айырылған жағдайда Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып, әлеуметтік төлемді тағайындау үшін өтінішін өткізіп, екі қызмет түрін ала алады.