Түркістанға тарихи сапар

Қысқаша

Бүгін Түркістан облысы үшін тасқа қашалып жазылатын тарихи күн болды. Бүгін жаңадан құрылған облысқа Елбасы Н.Назарбаев ең алғашқы жұмыс сапарымен Арқаның сауырынан ат арылтып жетті. Мемлекет басшысын Түркістан жұртшылығы зор қошеметпен қарсы алды.

Бүгін Түркістан облысы үшін тасқа қашалып жазылатын тарихи күн болды. Бүгін жаңадан құрылған облысқа Елбасы Н.Назарбаев ең алғашқы жұмыс сапарымен Арқаның сауырынан ат арылтып жетті. Мемлекет басшысын Түркістан жұртшылығы зор қошеметпен қарсы алды. 

Елбасы облыс орталығындағы жұмыс сапары сапары барысында ең бірінші кезекте Түркістан қаласының даму копцепциясымен танысты. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қаланың жобасын жіліктеп-жіліктеп, нақты жобаларды көрсетіп, қаланың нақты даму бағытын көрсетті.  

Әрине, облыс орталығына айналып жатқан Түркістан қаласы үшін 9000 гектар жер аздық қылады. Қала кемі 2 есе ұлғаюы тиіс. Осыған орай, алдағы уақытта қала аумағына қосымша жер телімі қосылатын болады. Онда облыстық әкімшілік, республикалық аумақтық бөлімшелер, көп қабатты тұрғын үйлер, театр, кітапхана, мұражай, мектеп, бала-бақша, стадион, емхана, саяқбақ сынды өзге де әлеуметтік нысандар мен түрлі құрылымдық органдардың ғимараттары орналаспақ. 

Ресми ақпараттарға сүйенсек, жаңа әкімшілік іскерлік орталықтың  тұрғын үйге бөлінген жер аумағымен қосқандағы аумағы  670 гектарды құрайды.  Ал әкімшілік іскерлік орталықтың  жер көлемі  225 гектар болмақ.

Орталықтың құрылысының бірінші деңгейі 2019-2021 жылдарға жоспарланған. Бұл уақыт аралығында жалпы аумақтың 20 гектары игерілетін болады. Құрылыстың алғашқы деңгейінде облыс әкімдігінің ғимараты, облыстық әкімшілік басқармалардың нысандары, республикалық аумақтық бөлімшелер,  Конгрес хол, «Түркістангенплан» орталығының құрылысы толығымен аяқталатын болады.

Аталған жоспарға Мемлекет басшысы жоғары баға беріп, жоба сөз жүзінде жарты жолда қалып кетпей, тезірек 100 пайыз жүзеге асыруды тапсырды.