Түркістан облысында кереғар діни ағымдармен күрес күшейді

Қысқаша

Түркістан қаласында облыс әкімі Ж.Түймебаевтың ауқымды салаларды дамыту жөнінде берілген маңызды тапсырмасына сәйкес, жастар саясаты, дін істері, білім, ішкі саясат және идеология салаларындағы өзекті мәселелер талқыланған жиын өтті.

96.jpgТүркістан қаласында облыс әкімі Ж.Түймебаевтың ауқымды салаларды дамыту жөнінде берілген маңызды тапсырмасына сәйкес, жастар саясаты, дін істері, білім, ішкі саясат және идеология салаларындағы өзекті мәселелер талқыланған жиын өтті. Бұл жөнінде облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Жиынды облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков жүргізіп отырды. Келелі кездесуде 4 басқарманың басшысы атқарылған жұмыстармен қатар қордаланған түйткілдер жөнінде баяндама жасап, оларды шешу жолдары мен ұсыныстарын айтты. 

Түркістанда діни тұрақтылықты сақтау бағытында да жұмыстар қолға алынған. Дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Раушан Жүнісованың айтуынша, Түркістан облысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалдары, яғни, мешіттер саны —719. Енді демеушілерге мешітпен қатар, мәдениет және спорт нысандары мен өзге де әлеуметтік нысандар салу жөнінде түсіндірме жұмыстары күшеймек. Сонымен қатар, бейнабақылау орнатылмаған 211 мешітке бейнабақылау орнату бағытында нақты іс-шаралар қолға алынады.

— Облыс көлемінде деструктивті діни ағымдардың таралуының алдын алу мақсатында мәдениет саласының мүмкіндіктері қолданылып, мәдениет ошақтарында жастарға арнайы көркем және деректі фильмдер мен қойылымдардың көрсетілуін ұйымдастыру қажет, — дейді Р.Жүнісова.  Нәтижесінде, өңірде кереғар діни ағымның жетегінде кетушілер саны күрт азайған.

Облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков «Әрбір басқарма өзіне жүктелген міндетті сапалы орындап, жұмысты ширатқандары жөн. Соңғы жылдары облыста болған оқиғаларды зерделеп, оның қайталанбауына күш салыңыздар. Білім, жастар, дін және идеология салаларына артылар міндет ауыр. Сондықтан мәселенің салдарымен күресу емес, оның алдын алған тиімді» деп жиынды қорытындылап, сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.