Туған жерінің қадірін - жаяу аралаған білер

Қысқаша

Әрбір азамат өзінің туған жерінің тарихын білу керек. Тарихын білмеген адам болашақты бағдарлай алмасы анық. Туған жерді насихаттаудың ең тиімді жолы - мемлекет тұрғындарын туған жерінің тау-тасын, аң-құсын жаяу аралатып көрсету.

78.jpgӘрбір азамат өзінің туған жерінің тарихын білу керек. Тарихын білмеген адам болашақты бағдарлай алмасы анық. Туған жерді насихаттаудың ең тиімді жолы - мемлекет тұрғындарын туған жерінің тау-тасын, аң-құсын жаяу аралатып көрсету. Осыған орай, туған жердің қадірін ұғындыру мақсатында Түркістан облысында көптеген іс-шаралар атқарылып жатыр. Мемлекет басшысының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласы аясында Түркістан облысында "Таңбалы тастар - бабалар ізімен" атты экспедиция ұйымдастырылды. Бұл жобаның мақсаты – Қазақстанның киелі жерлеріне енген өңірдегі 24 нысанды таныстыру әрі киелі өңірдің бай тарихы мен таңбалы тастарын насихаттау. Сонымен қатар, өңірге келетін қонақтар үшін жаңа туристік бағыттарды қалыптастыру болды деп хабарлайды Түркістан облысының баспасөз қызметі.  

Түркістан облысы ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен өткен тур Бәйдібек, Созақ аудандары мен  Кентау қаласын қамтыды. Атап айтқанда, екі күнге созылған экспедиция барысында жобаға қатысушылар Бәйдібек  ауданындағы Боралдай петроглифтері мен Ақмешіт үңгіріне, Созақ ауданындағы Ысқақ баб кесенесі мен Арпаөзен петроглифтеріне, Созақ көне қаласы мен Қарабура кесенесіне, сондай-ақ Кентау қалалық өлкетану музейі бағыттары бойынша тарихи жерлерді аралады.

Жергілікті өлкетанушылардың айтуынша, Түркістан облысында 3 мыңнан аса петроглифтер бар. Басым көпшілігі Сақ дәуірінің жәдігерлері. Тастағы таңбаларда көбіне көшпелілердің тұрмыс-салты бейнеленген. 

Мұндай экспедициялардың ұйымдастырылуы бабалардан қалған тарихи баға жетпес мұраларды көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуге зор мүмкіндік бермек.