Петропавл пойыздарында «билетсіз жүру» қызметі тыйылмай тұр

Қысқаша

Теміржол қызметін пайдаланудың қатаң талаптарына қарамастан, Петропавл вокзалында билетсіз жол жүретіндер қатары азаймай тұр

200.jpgБұл жайында ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің СҚО департаменті мамандары мен «Адал жол» жобалық тобының мүшелері бірлесіп жүргізген мониторнг барысында белгілі болды. Құзырлы органдар еліміздің теміржол компаниялары мен Петропавл вокзалының жұмысын тексерген болатын.

Жұмыс тобы Петропавл вокзалында бақылау жүргізген уақытта теміржол билеттерін «алып-сатарлар» болмаған. Кассадаларда ұзын-сонар кезектің жоқтығын да атап өткен жөн. Билеттерді емін-еркін сатып алуға болады. Алайда жол ақысын жолсеріктердің қолына ұстата салып, пойызға мінгендер табылды.

3 қазан күні сағат 17:45-те «Петропавл-Қызылорда» бағытында қатынайтын №76 пойызда жолсерік «құпия тұтынушының» Көкшетау қаласына дейін билетсіз бару жайындағы ұсынысын бірден қабылдаған.

4 қазан күні сағат 14:00-де «Алматы 2 – Петропавл» (Тальго) жүрдек пойызының жолсерігі жолаушымен келіссіөз жүргізу барысында екеуара әңгіменің бейнажазбаға түсіріліп жатпағандығына көз жеткізу мақсатында ұялы телефонын көрсетіп, қайтадан қалтасына салып қоюды өтінген. Кейін «құпия тұтынушы» жолсерікке 5 мың теңге төлеп Астана қаласына дейін жетуге келіскен. Ал аталған пойызда Елордаға дейінгі билет құны 8500 теңге.

Дәл сол күні сағат 18:00-де «құпия тұтынушы» «Петропавл – Астана Нұрлыжол» бағытында қатынайтын 624-ші пойыз қызметкерлерімен Көкшетау қаласына дейін жетіп қалуға келіскен. Айта кету керек, жолсерік бұл жолы «құпия тұтынушыға» өзі келіп, «билетсіз жүру» қызметін ұсынған. Және әріптесіне оның «өз адамы» екенін айтып, құжаттарын тексерудің қажеттігі жоқ екендігін ескерткен.

Қазанның 4-інен 5-іне қараған түні Петропавл вокзалында «Петропавл-Алматы» бағытындағы 16-шы пойызында Астанаға дейін билетсіз жету қаншалықты қиын немесе оңай екенін тексерілді. Нәтижесінде 4 мың теңгеге ауызша келісім жасалды. Барлық жағдайда кассада билеттер сатылып жатыр. Осыған қарамастан Петропавл станциясында жолсеріктердің жолаушыларға ұсынатын «билетсіз жүру қызметі» тыйылмай тұр.