Түркістанда өткен халықаралық форумда 1,7 млрд долларға меморандум жасалды

Қысқаша

«Көне Түркістан – жаңа мүмкіндіктер» атты Халықаралық инвестициялық жəне туристік форум аясында құны 1,7 млрд долларды құрайтын 19 меморандумға қол қойылды

92.jpgАтап айтқанда, Түркістан облысы әкімдігі мен Иран, Түркия, Чехия, Ресей, БАӘ, Малайзия, Италия, Польша, Қытай мемлекеттерінің инвесторлары арасында келісімдер жасалды.

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Иранның «Ardabil Petrochemical Co» компаниясымен жалпы құны 205 млн долларды құрайтын Онкологиялық орталық пен мұнай өңдеу зауытын салу жөнінде меморандумға қол қойды. Сонымен қатар, қытайлық «Changchun Longyuan Power Equipment Co. LTD» компаниясымен Энергетикалық құрылғылар мен бұйымдар жасау жөнінде құны 648 млн доллар көлеміндегі уағдаластыққа қол жеткізілді. Ал Ресейдің «Green Land Alatau» ЖШС-і 180 млн долларға жылыжай кешенінің құрылысын жүргізетін болды.

Форум барысында түзілген меморандумқа сәйкес, қытайлық «Shanghai Lianfu New Energy Science & Technology Group» компаниясымен 340 млн долларға күн энергиясымен жүретін электоавтобустар шығаратын зауыт құрылысын салу бойынша келісім түзілді. Сондай-ақ, Туркиядан келген «Dogus Insaat ve Ticaret A.S.» өндіріс орны жалпы құны 100 млн долларға инфрақұрылым саласындағы жобаларды жүзеге асыруда әріптестік танытса, ирандық «Faradid Meehan» компаниясы 5 млн долларға кірпіш зауытының құрылысын жүргізетін болды.

Бұдан өзге, Түркістанда өткен Халықаралық инвестициялық жəне туристік форум аясында Малайзия елінен келген «Nagasteel Equipment Sdn. Bhd.» компаниясы арасында 100 млн долларға өңірде инфрақұрылымды және өнеркәсіп саласында ірі жобаларды жүзеге асыру бойынша меморандумға қол қойылды. Алқалы жиынға келген түркиялық «Sallyr Bey Group» корпорациясы жалпы құны 15 млн доларға қой шаруашылығын өркендетуге бағытталған ферманың құрылысын жүргізбек.

Түркістан облысына инвестиция тартып, туризм саласын түлетуге бағытталған халықаралық жиында қытайлық «Jiangsu Huale Electric Co., ltd» компаниясы қуаттылығы 50 мВт-тық Күн электр станциясының құрылысына 50 млн. АҚШ долларын бағыттайтын болып келісілді. Ал Чехиядан келген «AGRAS zelatovice a.s.» ұйымы 20 млн долларға ақ жүгеріні қайта өңдейтін зауыт салатын болды.

Сондай-ақ, Қазақстан және итальяндық «Kazakhstan Project Preparation fund» біріккен кәсіпорны сапалы керамзит өндіретін зауыт құрылысына 17 млн доллар бағыттап отыр. Отандық «VMS» ЖШС-і Түркістан облысында туризм саласында инвестициялық жобалармен әріптестік таныту мақсатында 1,5 млн доллар бағыттамақ.

Форум нәтижесінде Қытай елінен келген «Chery Commercial Vehicle.,LTD» концерні жалпы құны 20 млн доллларға автокөлік шығаратын зауыт құрылысын жүргізсе, қытайлық «Хуавей Технолоджиз Казахстан» компаниясы Түркістанда «Ақылды қала» жобасы бойынша ынтымақтастық танытуда 10 млн доллар көлемінде инвестиция салатын болды. Ал польшалық «FCA» ұйымы 1 млн долларға талшықты-оптикалық сымдар және желілік құрылғылар өндіретін зауыт құрылысын жүргізбек. Сонымен бірге, ресейлік Еуразиялық банк Түркістан облысында инвестициялық жобаларға ынтымақтастық танытатын болса, Біріккен Араб Әмірлігінен келген «Al-Masood» компаниясы өңірде туризм саласын дамытуда әріптестік жасамақ.

Аталған инвесторлар алдағы уақытта Түркістан қаласы мен облыс аумағында өз жұмыстарын бастайды. Нәтижесінде аймақта ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, туризм мен жеңіл өнеркәсіп өркендеп, өңірде жаңа өндіріс орындары ашылмақ.