Сауда бар жерде кәсіп дамиды

Қысқаша

Сауда бар жерде кәсіп дамиды

Screenshot_2.jpg   

Түркістан шаһары көне Жібек жолының бойында орналасқандықтан сауда-саттық, жалпы кәсіпкерлік саласы қарқын алған. Өңірлік өнімнің де үлесі 30 пайыздан жоғары. Түркістанда қазір 13 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. 

Түркістанда сауда-саттық жақсы дамыған. Мұны қала ішіндегі сауда орталықтарының көптігінен байқауға болады. Шаһар халқының басым бөлігі де осы базарды жағалап, кәсіп етіп күн көреді. Ал еліміздің батыс аймақтарынан келетін саудагерлер тауарларды өз облыстарына осы Түркістаннан тасиды. Себебі Түркістан – тоғыз жолдың торабында орналасқан қала. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» магистралі да шаһарды бойлай өтеді. Сондай-ақ теміржол қатынасы да жақсы жолға қойылған десек болады. Тауар тасымалында қиындық жоқ. Тұтынушылардың сұранысын дөп басып, қажетті тауарларды өндіріп отырған кәсіпкерлер де жетерлік. Әсіресе тігін, тоқыма кәсіпорындары шетел асып, сарылып сапалы өнім іздеуді, шекара өтіп тауар тасуды қажет етпейді. Түркістан облысы мен қаласында тігіншілік қарқын алып тұр. Бұл кәсіпке ден қоятындардың басым көпшілігі нәзік жандылар. Елімізде өз кәсібін ашқысы келетіндерді қолдайтын бағдарламалар да шағын және орта бизнестің дамуына оң септігін тигізуде.  Өткен жылы  нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 3033 әйел шағын несие және 1243 әйел жаңа бизнес идеяларын дамытуға 100 АЕК көлемінде грант алған екен. Сондай-ақ, мемлекет көп балалы аналарға ерекше көңіл бөледі. «Алтын алқа» және «Күміс алқа» атағын алған көпбалалы аналар көлік құралдары салығынан және жер салығынан, тұрғылықты жерін тіркеу барысында, төлқұжат және жеке куәлік алуда нотариалдық және заңгерлік маңызы бар  қызмет түрлері үшін мемлекеттік баждан босатылған.