Әдебиетке қамқорлық жасау қажет емес

Қысқаша

– Мен журналистикада өз миссиямды мүмкіндік шегімде орындай алдым деп ойлаймын. Өткенге көз жүгіртсем, мен ең жас редактор болыппын. Леңгір аудандық газетінде басталған редакторлық мансабым ондаған газетте жалғасты

12.jpg

– Захардин аға, 70 жасқа толдыңыз, жеті қыр асып отырсыз. Дәл қазір өткеніңізге тоқмейілсіп  көз тастай аласыз ба? «Журналистік һәм жазушылық салада миссиямды орындай алдым» деп есептейсіз бе?

– Мен журналистикада өз миссиямды мүмкіндік шегімде орындай алдым деп ойлаймын. Өткенге көз жүгіртсем, мен ең жас редактор болыппын. Леңгір аудандық газетінде басталған редакторлық мансабым ондаған газетте жалғасты. Көптеген мақалалар жаздық. Сын да, фельетон да жаздым. Оған оқырмандар оң бағасын берді.

Ал, бірақ мақсатыма жете алмадым. Мен біздің журналистикадағы қатып қалған жүйені өзгерткім келді. Бірақ, ол оңай емес. Кішкентай кезімде бір кітаптан оқыдым, АҚШ журналистикасы бізден 50 жылдай алға кетіп қалыпты. Мысалы, онда белгілі журналист редакцияға түсқайта келеді. Біздегідей таң азанымен емес. Әлгі журналист қос көмекші ұстайды екен. Әлі жазуы қалыптаса қоймаған немесе мүлдем жаза алмайтын қыз-жігіттер болуы мүмкін. Олар түске дейін қаланы шарлап ақпарат жинайды. Бірі аэропорттан атақты адамды ұстап сөйлетеді. Енді бірі түрлі іс-шараларға, жиындарға қатысып, маңызды деген жерлерін түртіп, күлді-көмеш күйінде редакцияға тастап кетеді. Ал, журналист оларды елеп-екшеп, қалауына қарай түрлі қалыпқа келтіріп, беттеуге жібереді. Айтқым келгені, оларда ұжымдық жұмыс істеу үрдісі жолға қойылған. Әр маман өз функциясын сапалы орындауға күш салады. Жақында АҚШ-тан келген бір жігітпен сөйлескенде ол айтты, егер біреуді жұмыстан шығарса, ол оған мүлдем ренжімейді екен. «Функциямды жеткілікті деңгейде атқара алмаппын» деп кінәні өзінен іздейді. Біздегідей «соңыма түсіп алды, қудалады, күн көрсетпеді» деп шағымданып жүрмейді. Бізде қалай? Кезінде облыстық газетте жұмыс істедім. Басшылық айтады «анда барыңызшы» деп. Мен барамын. Ол жерден келген соң, тағы бір жерге жұмсайды. Сонда мен аздап ашу шақырып «анау неге бармайды?» деп айтып қаламын. Бұл сұрағыма басшылық «ол өзіне жүктелген тапсырманы онша тындыра алмайды» деп жауап қатады. Міне, бізде жұмысқа 50 адамды алып алады. Бірақ, өндіртіп жұмыс істейтіні – 5-6-ау-ақ. Мемлекет басшысы да айтып еді ғой, «мемқызметте штатты қысқартыңдар, тек жұмыс істейтіндерді алып қалыңдар» деп. Сол енді еніп келе жатыр. 

Және бізде қанша жерден мықты газет шығарсаңыз да, таралымы ары кетсе 20 мың болуы мүмкін. Болды, одан әрі аспайды. Егер сол газет Ресейде шықса, таралымы 200 мыңға дейін жетер ме еді...   

– Ал әдебиетте ше?

– Әдебиетте миссиямды нақты орындадым, орындамадым деп айту қиын. Мұнда мен өз мүмкіндігіме қарай жаздым. Жалпы, қазақ жазушыларының қайсысын алып қарасақ та, классигі болсын, қарапайымы болсын, таза әдебиетпен айналысуға мүмкіндік жоқ. Оған аз ғана, оның өзінде жартысы орыстанып кеткен қазақ аудиториясы кедергі. Біздің саусақпен санарлықтай оқырмандар жазушыны асырай алмайды. Мысалы, мен кезінде «Қос мұңлық» деген кітабым үшін 86 мың теңге қаламақы алдым. Бұған өкпелеп қажеті жоқ. Бізде қаламақы мәселесі жақын арада шешілмейді. Оған нарық жол бермейді. Ал, көрші Ресейді алсақ, онда өзін 100 пайыз шығармашылыққа арнайтын жазушылар аз емес. Себебі, олар 1 кітап шығарса, онысы авторды 3-4 жылға дейін асырайды. Қаламақы көп. Қаламақы көп болуына себеп – аудитория көп.

Меніңше, нарық заманында әдебиетке мемлекет тарапынан қамқорлық жасалмау керек. Қамқорлық болған жерде әділетсіздік қатар жүреді. Мысалы, менің алдыма екі адам келді делік. Бірі – досым, ал екіншісін мүлдем танымаймын. Әрине, мен досыма қамқорлық көрсетем. Бейтаныс кісі қанша жерден талантты болсын, мен үшін оның маңызы жоқ. Сондықтан да, тек әдебиетте емес, көп салада қамқорлық деген болмау керек. Әр жазушы қиындықтан өзі жол тапқаны абзал. Сонда ғана өсіп-өркендеу үрдісі жүреді. 1990-2000 жылдары бірқанша жазушылар нарыққа төтеп те берді. Кітаптары зор сұранысқа ие жазушылар шоғыры пайда болған еді. Бірақ, интернет деген пайда болып, оқырмандар легі сонда ауып кетті. Жазушылар отырып қалды. Содан олар күнкөріс қамымен журналистикамен айналысады, баспа саласында жұмыс істейді. Күйбеңнен қол босағанда ғана жеке шығармашылығына көңіл бөледі. Мысалы, Әбіш Кекілбаевты алайық. Ол күндіз-түні түзде жүрді. Оны әр түрлі жиындарға жиі шақыртатын. Егер ол қызметке араласпай, жатып жазғанда қаншама дүниелерді жарыққа шығарар ма еді?!.

Сонсоң, жазушылар пьеса жазып бақтарын сынап көрді. Бірақ, мұнда да көптеген кедергілерге тап болды. Мысалы, Англияда жазушылар пьесасын театрға апарады. Онда тек пайда әкелетін пьесаны қояды. Тек, пьесада емес, баспа саласында солай. Баспахана табыс түсіретін кітаптарды ғана шығарады. Осыған орай, жазушылар нарыққа бейімделіп, оқырман талғамын зерттейді. Олар үнемі ізденіс үстінде жүреді. Шетелде жазушылар миллионер бола алады. Ал, бізде дәл қазіргі сәтте жазушының бай болуы мүмкін емес. 

Сонымен, жазушы театр әкімшілігімен келіскеніне қарай, ол белгілі бір көлемде қаламақы алады. Бірде бір жазушы қаламақыға келіспей, 3 пайыз үлес сұрапты. Бұған театр басшылығы қуанып кетпей ме? Содан театр ел аралап, пьесаны қояды. Қысқасы, пьеса жұрт көңілінен шығып, жазушы 3 пайыз үлеспен-ақ тұрмысын түзеп алады. Бізде осы жүйені енгізіп көрдік. Бірақ, бізде қалай? Белсенділер мектепке барып «пәленше пьеса қойып жатыр» деп ақша жинап алады. Ол ақша театр қазанына құйыла бермейді. Содан театр пайда таппай, шала ойластырылған жүйенің салдарынан өз тамырларына өздері балта шауып отыр. 

Бір айта кетерлігі, журналистика мен әдебиет тығыз байланысты. Жазушылар журналистикада жүріп өмір қазанында қайнайды. Сонда көріп-білегендерін әдебиетте қолданады. Әдебиетті журналистикада кәдеге асырады. Қос саланы осылай ұштастырады. Бұл өте маңызды. 

– Мұхтар Шаханов «Жазушылар Одағында 700 мүше бар. Бірақ, оның 7-і ғана –нағыз ақын-жазушы» дегендей сыңайда ой айтып еді...

– Меніңше, олай деу дұрыс емес. Барлық жазушы классик болып кетсе тағы болмайды. Бір жазушы балаларға арнап жазады. Әрине, ол тақпақтарымен классик атанбайды. Бірақ, оны жазушы емессің деуге бола ма? Бір жазушы газетте жұмыс істесе, бірі киноға сценарий жазады. Біреулері әлдекімдер жазып әкелген сценарийді өңдейді. Бұл жерде оның аты көрінбей көлеңкеде қалады. Ондайларды жазушылар тізімінен алып тастауға болмайды. Өңшең классиктер қалса не болады? Осы жерде бір мысал есіме түсіп отыр. Қытайда егін түсімін арттыру үшін торғайларды қырып салыпты. Бірақ, бұдан егін түсімі артпай, керісінше, күрт төмендеп кетеді. Сөйтсе, әрбір торғай бір жазда егінге зиян мыңдаған құрт-құмырсқаны жейді екен. Міне, табиғатта торғай екеш торғайға дейін орны бар. Менде айтар едім, Жазушылар Одағындағы әр жазушы қоғамда өзіне бұйырған жерде тірлік істеп жүр. Тепе-теңдік болу үшін бүркітпен қатар торғай да болу керек деп есептеймін.

Мысалы, қазір тіл жұтаңданып жатыр. Түрлі порталдарда, телеарналарда өгізді көлік қағып кетіпті, асқабақ ұрығы жеткізілді, баланы піштірді, көлік апатынан қайтыс болды дегендей сөз тіркестерін шығарып жатады. Ал, енді өгіз деген – піштірілген бұқа. Ал, піштірілу деген – еркектіктен айрылу. Ұрық тек жыбырлаған тіршілік иелерінде болды, өсімдікте емес. Өсімдікте тұқым дейді. Көлік апатынан көз жұмғанды – қаза тапты дейді. Қайтыс болу деген – асарын асап, жасарын жасап қарттықтан дүние салған адам. Нәрестені шетінеді дейді. Айта берсек мұндай мысал көп. Біз, жазушылар, тілді жұтаңдатпау үшін күш салуымыз керек. Үңіліп қарасақ, қазақ тілі өте бай ғой. Бай болуының себебі – қазақ даласының кеңдігі деп түсінемін. Бізде көл де, шөл де, теңіз де, дала да, тау да, тас та, орман да, құм да, бәрі бар. Осыған орай, қазақ тілі де шұрайлы. Сөз көп, оған синоним көп.

– Том-том кітап шығаратындай мүмкіндігіңіз  бар еді. Неге аз жаздыңыз?

– Негізі, көп жазуға болады. Өзіме үйреншікті сарынмен жалғастыра берсем. Бірақ, мен оны қаламадым. Дамығым келді. Іздендім. Шетел әдебиетіне көбірек үңіле бастадым. Сонда көзім ашылды. Бірақ, тоқырап қалдым. Қазіргі шетел әдебиетінде шындық мүлдем басқаша беріледі екен. Біздегі шындық – социалистік реализм. Бұны біз түсінгенімен, шетелдіктер түсінбейді. «Біздің 100 томдық ағылшын тіліне, француз тіліне, түрік тіліне аударылды» деп жатады ғой. Дегенмен, ол оқылмай қап кетеді. Бізде көркемдеу басым. Прозада. Ал, поэзияға шағымым жоқ. Қазақ поэзиясы алдыңғы сапта.

Осы жерде менталитет мәселесі шығады. Ағылшындарда, американдарда менталитет басқа. Жақында бір проза оқыдым. Кітапта мынандай көрініс бар: шамамен 40-тағы еркек құрдасымен арақ-шарап ішіп отырып сөйлеседі. Біраз уақыт өткен соң әлгі еркек құрдасының қызын қалаға жетектеп кетеді. Әкесі қол бұлғап қала береді. Бұл оларда қалыпты жағдай шығар. Бірақ, мұны біздің халық қабылдай алмайды. Және бізде мұндай жағдай болмайды да.

Және бір ерекшелігі, шетел жазушылары айналасында болып жатқан оқиғаларды қағазға түсіреді. Жазушы өз әке-шешесін, дос-жарандарын, тамыр-таныстарын атын атап, түсін түстеп жазады. Әкесі ішкіш пе, ішкіш дейді. Шешесінің мінезі шатақ па, шатақ дейді. Шындықты жазады. Қымсынбайды. Ертең кітап болып шыққанда не ойлайды, ондай қорқыныш жоқ. Біз ондайға бара алмаймыз. Шындықты жазған күнде де біздің кейіпкер Захардин емес, Дүйсенбай болады.

Мен ойлаймын, қазақ әдебиетіне жаңаша бетбұрыс, яғни реформа керек секілді. Бірақ, қоғам оған дайын емес.

– Бізде «Қаламгер» қоғамдық бірлестігі ашылып жатыр. Бұл үй ішінен үй тігу емес пе? Бізде Жазушылар Одағының филиалы бар емес пе?

– Жоқ, «үй ішінен үй тігу» деген жаңсақ пікір. Қаламгер – бірлестік. Мысалы, мен зейнеткермін. Жазғандарымды әйеліме, бала-шағама оқымаймын. Бірлестік кездесу өткізеді. Олар мен сол кездесеуге шақырады. Үйде отырып қалған мен кездесуде сөз сөйлеп, жастарға ақыл айтып битім төгіліп қалады. Егер біздегі Жазушылар Одағының филилы дұрыс жұмыс істегенде бұл бірлестік құрылмас па еді?

Бізге бәсекелестік керек. Бәсекеге болған жерде жұмыс жанданады, сапа артады. Аталған бірлестік жас жазушының кітабын шығарып береді делік. Егде жазушының 50 жылдық, 60, 70 жылдық сынды мерейтойын өткізіп беруі мүмкін. Міне, мұны көрген Одақ филиалы да нақты әрекетке көшеді. Ақын-жазушыларынан айрылып қалмас үшін олар да кітап шығарып береді, кездесуін ұйымдастырады. Олар бір-бірінін жұмысын қадағалап отырады. Нәтижесінде, оның шапағатын ақын-жазушылар көреді.  

Сұқбаттасқан Абылайхан ЕСІМБАЙ