Дәстүрлі құндылық - өрлеу бастауы

Қысқаша

Дәстүрлі құндылық - өрлеу бастауы

1.jpg

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың арнайы тапсырмасына сәйкес, Мақтаарал ауданы әкімінің аппараты ақпараттандыру, мемлекеттік құпияларды қорғау және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің, аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Дәстүрлі құндылықтар керуені» тақырыбындағы көшпелі жиын Мақтаарал ауданына келді деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Ең алдымен жиынға қатысқан қонақтар деструктивті діни ағымдардың зардабын көрген кейіпкерлер туралы видеороликті тамашалады. Сондай-ақ, көшпелі іс-шараға облыс әкімі апаратының құқық бөлімінің басшысы Н.Ешенқұлов, бөлімнің бас инспекторы Е.Мұстафа, облыстық дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мекемесі директорының орынбасары М.Беспаев, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, Халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы Ш.Мамытхановалар қатысты.

– Дін – аса мұқияттылықты, терең зерттеуді, биік сауаттылықты, әсіресе, жан тазалығын қажет етеді. Сондықтан осы қасиеттерді халыққа жеткізіп, жетілдіріп отыру керек. Сонда ғана жұрттың дінге деген сенімі артып, ұстанымына селкеу түспейтін болады. Осыған орай, облыс әкімінің бастамасымен аймақтарға жол тартқан «Дәстүрлі құндылықтар керуені» жобасы жерлестеріміздің ұлттық құндылыққа деген ұстанымын бекемдеп, дәстүрлі дінге деген көзқарасын қалыптастыруда зор мүмкіндік берді. Тіпті, аталмыш жоба аудан тұрғындарының арасында дәстүрлі рухани мәдениетті ілгерілету, мемлекетіміздің рухани тірегі болған асыл дініміздің жалпыға ортақ адамгершілік қағидаларын насихаттауды өзек етеді, –  деді А. Ешанқұлова. 

Көшпелі жиын мақтааралдықтарға рухани құндылықтарды жаңғырту және халықтың ұлттық санасын ояту арқылы теріс пиғылды діни ағымдармен қарсы күресудің мәдениетті жолын түсіндірді. Сондай-ақ, рухани санасын жаңғырту, салт-дәстүр, мәдениетімізді көздің қарашығындай сақтай білу және тағылымы мол тарихымызды қастерлеудің құндылығын әрбір азаматқа ұғындырды.