Күзгі шақырылым: Қарағанды облысынан 1500 жігіт отан алдындағы борышын өтеуге аттанады

Қысқаша

Азаматтық парызын өтеп, отан алдындағы борышын атқаруға бел буған жастарды күзге әскерге шақырту жүргізілуде. Биылғы күзде Қарағанды облысынан ҚР Қарулы күштерінің қатарын 1500 сарбаз толықтырады деп жоспарлануда.

50.jpegҚазақстан Қарулы күштерінің және басқа да әскери құрылымдардың әскери бөлімдері мен мекемелерінде жастардың әскери борышын өтеу үшін 1 қыркүйектен бастап шақыру жұмыстары басталған. Жігіттер тиісінше медициналық тексеруден өтіп, әскер қатарына қабылдануға дайындалуда. Сарбаздардың алдыңғы легі қараша айының басында әскерге жіберіледі.

«8 қараша күні ҚР Әуе қорғаныс күштерінің қатарына 20 азамат әскери қызметін өтеуге аттанады. Олар әскери борышын Жетіген қаласындаға әскери бөлімде атқаратын болады. Бұл азаматтар Қарағанды облысының 17 қаласы мен аудандарыны тұрғындарының арасынан іріктеліп алынған. Олардың әрқайсысының моральдық-псиxологиялық дайындығы жоғары, денсаулықтарында кінәрат жоқ. Сондай-ақ білімдеріне де баса назар аударылған. Әуе қорғаныс күштерінде әскери борышын өтейтін сарбаздарда кем дегенде арнайы-орта білімі болуы маңызды. Сонымет қатар «В», «С» категориялы жүргізуші күәліктері болу керек», - дейді Қарағанды облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің баспасөз xатшысы Алмагүл Дарманқұлова.