Кентауда туризм дамып, өндіріс өркендейді

Қысқаша

Кентау қаласы бойынша биыл бірқатар инвестициялық жобалар іске қосылмақ. Атап айтсақ,

image.png

Кентау қаласы бойынша биыл бірқатар инвестициялық жобалар іске қосылмақ. Атап айтсақ, Кентау қаласы маңындағы Қотырбұлақ елді мекенінде салынып жатқан күн сәулесінен қуат алатын электростанса құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. «Hevel Kazahstan» ЖШС жүзеге асырып жатқан жобаның құны – 15,9 млрд. теңге. Сондай-ақ, Кентауда полиэтиленді труба шығару цехы, радиатор шығару цехы және темір-бетон бұйымдарын өндіру зауыты биыл іске қосылады.

«Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Кентау қаласына қарасты Шаға және Ораңғай ауылдарында 1 мектеп күрделі жөндеуден өтті. 36 шақырым жол жөнделіп, жаяу жүргіншілер жолдары салынды, көшелер жарықтандырылуда. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен 1 мектеп күрделі, 35 мектеп ағымдағы жөндеуден өтуде. Көшелер реттеліп, саябақтар абаттандырылды.

Алдағы уақытта облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес Кентау қаласындағы Қаратау қорығының жанындағы Хантағы туристік нысаны аумағында экологиялық және белсенді туризмді дамытуға бағытталған инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ. Әлеуетті инвесторларға жаңа жобалар ұсынылуда.

Жалпы ауданы 230 гектар жер телімі анықталып, оның 50 гектарында туристік инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Бұл Кентау қаласының инвестициялық мүмкіндіктерін танытумен қатар, өңірге келуші туристердің санын арттыруға және жаңа туристік бағыттардың дамуына тың серпіліс бермек.

Жалпы, Қаратау қорығының аумағы – 34 мың гектар. Онда Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген өсімдіктер мен жан-жануарлар мекен етеді. Кентау қаласы әкімдігі биыл Хантағы туристік аумағына апарар 8 шақырым жолды реттеп, вело-жолақ салып, жарықтандырмақ.