Түркістан облысында жұмыссыздық азайып келеді

Қысқаша

Түркістан облысында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыссыздық деңгейін азайту мақсатында 100 мыңға жуық тұрғын жұмысқа орналастыру шараларымен қамтылды.

жумыс.jpg

Былтыр Түркістан облысында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыссыздық деңгейін азайту мақсатында 100 мыңға жуық тұрғын жұмысқа орналастыру шараларымен қамтылды. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өткен жылдың қорытынды есебінде айтты деп хабарлайды RGMEDIA.KZ ақпарат агенттігі.

– Түркістан облысы бойынша жұмыссыздық деңгейі жыл сайын 0,1 пайызға азайып келеді. Бұл көрсеткіш 2018 жылы 5,2 пайыз болған болса, 2019 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша 5,1 пайызға төмендеді. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыссыздық деңгейін азайту мақсатында экономиканың түрлі салаларында шамамен 25 мың жаңа жұмыс орны ашылды, – деді өңір басшысы.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтамасыз ету» атты бірінші бағыты аясында тоғыз мыңнан астам адамды жіберу жоспарланған. 9-11 сынып мектеп бітірушілері, кәсіптік білімі жоқ және оқу орындарына түспеген азаматтар арасынан 3 мың 401 адам екі жарым жылдық техникалық және кәсіптік оқытуға бағытталған. Ал, қысқа мерзімді оқыту курстарына жіберу жоспарланған 5746 адам толығымен қамтылды.